09.09.2026
АБАЙ УНИВЕРСИТЕТІ – МҮМКІНДІКТЕР МЕКЕНІ
Еліміздің
тұңғыш университеті – Абай атындағы ҚазҰПУ қаншама талантты жастың қанат қаққан
ордасы. Ғасырға жуық тарихында 250 мыңнан астам педагог маман даярлап, отандық
білім беру саласын дамытуға айрықша үлес қосып келеді. Оқу орнының түлектері
педагогика саласында ғана емес, мәдениет пен руханият, өнер мен мемлекеттік
қызметте де табысты еңбек етеді. Оған исі қазаққа белгілі қоғам қайраткерлері
мен ақын-жазушылар, кәсіпкерлер мен өнер майталмандары дәлел.
Абай
университеті әрбір студенттің бейімі мен шығармашылығына қолдау білдіріп,
студенттік жылдар ішінде шыңдалуына жағдай жасайды. Ең алдымен ұлт ұстаздарын
даярлауда ұлы Абайдың «Толық адам» ілімін университеттің стратегиялық даму
тұжырымдамасы ретінде бекіткен. Оның негізінде «Ыстық қайрат – физикалық даму,
Нұрлы ақыл – интеллектуалды даму, Жылы жүрек – рухани даму» қағидалары жатыр.
Жастар
саясаты бағытында 57 студенттік ұйым жұмыс істейді. Оның ішінде 35
шығармашылық, 10 спорттық үйірме, 6 театр мен 6 еріктілер ұйымы бар. Аталған
ұйымдар студенттердің шығармашылық әлеуетін дамытуға бағытталған іс-шаралар мен
жобаларды тұрақты түрде жүзеге асырады. Оқу орнының қоғамдық өміріне белсенді
араласуға, таланты мен талабын паш етуге мол мүмкіндік береді.
2025-2026
оқу жылында 38 мыңнан астам көрерменді қамтыған 80-нен астам ірі жоба ұйымдастырылған.
Оның ішінде «Таза Қазақстан», «Заң мен тәртіп», «Адал азамат» атты мемлекеттік
бағдарламаларға басымдық берілді. Іс-шаралар ауқымы университет ішілік, қалалық
және республикалық деңгейде жүргізіліп, жастардың мәдени-ақпараттық, құқықтық
сауаттылық және экологиялық таным-түсінігін кеңейтуге бағытталды. Сонымен қатар
білім алушылардың әлеуметтік жағдайын жақсарту, психологиялық қолдау көрсету,
жастардың қоғамдық белсенділігін арттыру, еріктілік пен азаматтық
жауапкершілікті дамыту бағытында ауқымды жұмыстар атқарылды. Биылдан бастап
студенттермен жүйелі жұмыс жүргізу мақсатында 127 тәлімгер-куратордың
қатысуымен «Тәлімгерлік мектебі» қалыптасып, жаңа өмірге қадам басқан жастарға
әлеуметтік, құқықтық көмек көрсетілуде.
Жалпы,
Қазақстан халқының шамамен үштен бірі, яғни 5,8 миллионнан астамын жастар
құрайды. Ал Абай университетінде қазіргі таңда 23 мыңға жуық студент білім алып
жатыр. Университет басшылығы жастарды тек академиялық тұрғыдан шыңдап қана
қоймай, олардың шығармашылық әлеуетін ашуға, тың креативті идеяларын жүзеге
асыруға қолайлы орта қалыптастырған.
Сапалы
білім, терең ғылым, шығармашылық пен инновацияны тоғыстырған Абай университеті
жас ұрпақтың бойындағы әлеуетін толық ашуға жағдай жасап отыр. Елдің жарқын
болашағын қалыптастыратын білімді де белсенді жастарды қолдау – оқу орнының
тұрақты әрі басты басымдығы.
«Abai
University» медиа
орталығы