09.09.2026
ҒЫЛЫМ КӨКЖИЕГІН КЕҢЕЙТКЕН ЖАҢА БЕЛЕС
Жоғары оқу орнының
ғылыми-зерттеу әлеуетін танытатын, оқытушы-профессорлар құрамының ғылыми
еңбектерін жариялайтын «Хабаршы» журналы маңызды рөл атқарады. Оның Ғылыми және
жоғары білім министрлігінің Ғылым және жоғары білім саласындағы сапаны
қамтамасыз ету комитеті (ККСОН) ұсынатын басылым қатарына қосылуы – университет
хабаршысының салмағын арттыра түседі. Соған сәйкес, Абай университетінің
хабаршы журналының бірі «Юриспруденция сериясы» аталған тізімге еніп, ғылыми
басылым ретінде айқын көрсеткішке ие болды.
«Абай атындағы
ҚазҰПУ Хабаршысы. Юриспруденция сериясы» – Қазақстандағы
құқық ғылымының өзекті мәселелерін және ғылыми зерттеу нәтижелерін жариялауға
бағытталған басылым. Білім ордасы шығаратын ресми рецензияланатын ғылыми журнал
еліміздегі заң ғылымының дамуын және отандық әрі шетелдік ғалымдар арасындағы байланысты
нығайтуды көздейді. Аталған басылым тоқсан сайын жарық көреді. Онда қылмыстық,
азаматтық, әкімшілік, конституциялық, еңбек, халықаралық құқық, құқық теориясы
мен тарихы, криминология, қылмыстық процесс және құқықтанудың өзекті бағыттары
бойынша ғылыми мақалалар жарияланады.
Журнал Қазақстан Республикасы Ғылым және білім
министрлігі Ғылым және білім саласындағы
сапаны қамтамасыз ету комитеті төрағасының 2026 жылғы 14 тамыздағы № 600
бұйрығына сәйкес комитет ұсынатын ғылыми басылымдар тізіміне енгізілді.
Юриспруденция хабаршысының бас редакторы – заң ғылымдарының докторы, Абай
атындағы ҚазҰПУ профессоры Бинұр Тайторина. Бас редактордың орынбасары – заң
ғылымдарының докторы, профессор Бақытжан Төлеубекова, ғылыми редакторы – PhD,
профессор Гульнара Балгимбекова, жауапты хатшысы – заң ғылымдарының кандидаты,
қауымдастырылған профессор Несібелі Қалқаева.
Журналдың халықаралық ғылыми стандарттарға
сәйкестігін қамтамасыз ететін маңызды факторлардың бірі – редакциялық алқаның
халықаралық құрамы. Редакциялық алқа құрамында Қазақстанның жетекші заңгер
ғалымдарымен қатар АҚШ, Ресей, Беларусь, Өзбекстан, Түркия, Польша елдерінің
жоғары оқу орындары мен ғылыми ұйымдарының профессорлары және зерттеушілері
бар. Scopus және Web
of Science халықаралық ғылыми-метрикалық дерекқорларында авторлық профилі бар
ғалымдардың редакциялық құрамда болуы – басылымның ғылыми жарияланымдар сапасына,
академиялық сараптамаға және халықаралық ғылыми ынтымақтастыққа айрықша мән
беретінін көрсетеді.
Айта кетейік, Абай университетінде ҒЖБМ ҒЖБССҚК ұсынатын басылымдар қатарында жалпы саны 7 ғылыми басылым бар. Олар педагогика, психология, тарих, әлеуметтану, физика-математика және саяси ғылымдарды қамтиды. Юриспруденция сериясының бұл тізімге енуі – оқу орнының заң мен құқықтану саласындағы ғылыми-зерттеу әлеуетін айқындайтын көрсеткіш.
«Abai University»
медиа орталығы