ЖАҢА ОҚУ ЖЫЛЫНЫҢ АЛҒАШҚЫ ҒЫЛЫМИ КЕҢЕС МӘЖІЛІСІ ӨТТІ

Абай университетінде Ғылыми кеңестің кезекті мәжілісі өтіп, былтырғы оқу жылында атқарылған жұмыстардың нәтижелері сараланды. Жиын барысында білім беру сапасын арттыру, цифрлық трансформация, әлеуметтік даму саясаты, ғылыми-зерттеу әлеуетін күшейту және университеттің алдағы даму бағыттары сөз болды.

Өткен оқу жылы білім беру мазмұнын жаңарту, оқыту әдістемесін жетілдіру, бағалау жүйесін дамыту және педагогтардың кәсіби, ғылыми-зерттеу әлеуетін күшейту бағыттарымен ерекшеленді. Академиялық қызмет бойынша проректор Бану Нарбекованың есебі білім беру үдерісінің негізгі нәтижелерін қамтыды. Алдағы кезеңде білім сапасын арттырумен қатар цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектінің мүмкіндіктерін оқу үдерісіне кеңінен енгізу көзделіп отыр. Университетте жасанды интеллектіні қолдану қағидаларын әзірлеу, оқытушылар мен білім алушылардың цифрлық және ЖИ құзыреттерін жетілдіру, онлайн-курстар әзірлеу, үздік отандық және шетелдік курстарды білім беру бағдарламаларына кіріктіру жұмыстары жалғасады. Инклюзивті білім беру ортасын жетілдіру де маңызды бағыт ретінде белгіленді.

Әлеуметтік даму жөніндегі проректор Мақсат Жақауовтың есебі студенттерді қолдауға бағытталған жұмыстарды қамтыды. Жалдамалы жатақхана орындарымен қамтамасыз ету, спорттық клубтар жүйесін дамыту, белсенді білім алушыларды ынталандыратын интегралды GPA жүйесін енгізу студенттік ортаның әлеуметтік мүмкіндіктерін кеңейтеді.

Жаңа оқу жылындағы қабылдау науқаны да жаңа тәсілдермен жалғасады. Талапкерлерді тартудың бірыңғай маркетингтік стратегиясы, мектептер мен колледждердегі кәсіби бағдар жұмысы, Open Day кездесулері мен онлайн іс-шаралар қабылдау саясатының негізгі құралдарына айналады. Әлеуметтік желілердегі ақпараттық белсенділікті күшейту, талапкерлерге арналған тұрақты контент қалыптастыру, шетел азаматтары мен қандастарды білім алуға тарту жұмыстары да жүйелі сипат алады.

Еңбек нарығындағы өзгерістер білім беру бағдарламаларының мазмұнына да жаңа талап қойып отыр. Осыған байланысты бағдарламалардың сұранысқа сәйкестігін тұрақты зерделеу және жаңа білім беру бағдарламаларын әзірлеу университеттің алдағы міндеттерінің қатарында. Күн тәртібіне енгізілген мәселелер жан-жақты қаралып, тиісті шешімдер қабылданды. 

Мәжілісте университеттің ғылыми әлеуетін арттыру бағытындағы жұмыстардың нәтижелері де сөз болды. Ғалымдардың ғылыми жетістіктері мен зерттеу саласындағы маңызды көрсеткіштер таныстырылды. Атап айтқанда, Еркін Телахынов пен Еркін Сайдақовқа 50300 – «Білім» ғылыми бағыты бойынша қауымдастырылған профессор (доцент) ғылыми атағы берілді. Ал филология ғылымдарының докторы, профессор Қалбике Есенова профессор-зерттеуші бағдарламасын сәтті аяқтады.

Сонымен қатар «Абай атындағы ҚазҰПУ. Қазақстан ғылыми журналы. Юриспруденция сериясы» ғылыми басылымдар тізіміне еніп, заң ғылымдары бағытындағы зерттеулерді дамытуға жол ашты. Ғылыми кеңес шешімімен Салахиден Сабикенов пен Нұрлан Жамансаринге университеттің «Құрметті кафедра меңгерушісі» атағы берілді.

Сондай-ақ диссертациялық кеңестерде ғылыми жұмыстарын сәтті қорғаған докторанттарға докторлық дипломдар табысталды. Бастауышта оқыту педагогикасы мен әдістемесі бойынша Әлия Сүгірбаева, педагогика және психология бойынша Венера Сарбасова, дефектология бойынша Гүлназ Дербісалиева мен Жанар Нұрсеитова, арнайы педагогика бойынша Гүлнұр Ержанова мен Дана Жолдасбекова, мектепке дейінгі оқыту және тәрбиелеу бойынша Динара Ердембекова мен Майра Берлібаева, орыс тілі мен әдебиеті бойынша Әлібек Байболов докторлық дәрежеге ие болды.

 «Abai University» медиа орталығы