УНИВЕРСИТЕТ ҒАЛЫМДАРЫ ЖАПОНИЯ КЛИМАТТЫҚ БІЛІМ БЕРУ КОНФЕРЕНЦИЯСЫНА ҚАТЫСТЫ

Абай университетінің делегациясы 28 тамыз бен 1 қыркүйек аралығында Окаяма университетінде болып, Жапонияның тұрақты даму үшін білім беру қоғамының (Japan ESD Society) 9-шы конференциясына қатысып қайтты. Сондай-ақ ATECCE (Asian Teacher Educators for Climate Change Education) халықаралық желісінің басқосуына атсалысты. Онда бүкіләлемдік климаттың өзгеру мәселелері талқыға түсті.

Бүгінгі таңда ғаламдық климаттың өзгеруі үлкен мәселеге айналған. Ғалымдардың алаңдауы бекер емес. Мәселен, Дүниежүзілік метеорологиялық ұйымның мәліметі бойынша, 2025 жылы жердің жылуы 1850–1900 жылдармен салыстырғанда 1,43°C-ге жоғарылаған. Ал 2015 жыл мен 2025 жылдар тарихтағы ең ыстық 11 жылдың қатарына кірді. Бұл тек мамандарды ғана емес қарапайым халықты да ойландыратын дерек.

Жалпы ATECCE желісі мұғалімдерге климаттың өзгеруі туралы білім берумен ғана шектелмейді. Климаттық білімді мектеп және мұғалім даярлау бағдарламасына енгізіп, Азия елдерінің мамандары арасында тәжірибе алмасуды ұйымдастыратын жоба.

Аталған басқосуға университет тарапынан география ғылымдарының докторы, профессор Күләш Каймулдинова мен қауымдастырылған профессордың міндетін атқарушы Қарлығаш Мұздыбаева мамандарды бастап барды. Біздің делегация мұғалімдерді даярлау және климаттық тақырыптарды мектеп пәндеріне кіріктіру бойынша Қазақстан тәжірибесін ұсынды.

ҚазҰПУ мен Окаяма университетінің климаттық білім беру саласындағы ынтымақтастығы 2021 жылғы наурызда «Promoting Teacher Education for Climate Change Education» халықаралық жобасы аясында тұсауын кескен болатын. Мұндай серіктестіктің тағы бір артықшылығы Азияның тоғыз еліндегі жоғары оқу орындарының басын қосып отыр. Өз кезегінде бұл ЖОО арасында тәжірибе алмасуға және әріптестікті нығайтуға жол ашары анық.

«Teachers’ Exchange Session» барысында климаттық білім беруді мектеп тәжірибесіне енгізу бойынша география білім беру бағдарламасының 2-курс докторанты А.Әскербекова баяндама жасады. Презентацияда климаттың өзгеруін оқушылармен бірлесе отырып зерделеу мәселелері қамтылды. Сонымен қатар, Абай университеті ғалымдарының пікірлері тыңдалды.

Халықаралық конференцияда Азияның 12-ден астам елінен келген сарапшылар климаттық білім берудің ұлттық ерекшеліктерін ортаға салып, түрлі ұсыныс айтты. Маңызды шарада бірыңғай модельді әр мемлекеттің өзіндік жағдайы мен қажеттіліктеріне бейімдеу мәселелесі де назардан қалыс қалған жоқ.

«Abai University» медиа орталығы