ӘСКЕРИ КАФЕДРАҒА ЖАҢА БАСШЫ ТАҒАЙЫНДАЛДЫ

   Абай университетінің Әскери кафедрасы – студенттердің білім ала жүріп, отан қорғау қызметінде тәжірибе жинақтап, әскери шен алуына мүмкіндік береді.  Жаңа оқу жылында әскери кафедраға жаңа басшы тағайындалды. Бүгін Абай атындағы ҚазҰПУ Басқарма Төрағасы-Ректор Болат Тілеп ұжымға кафедра меңгерушісін таныстырып, аталған бағытта маңызды міндеттер жүктеді.

   Әскери кафедра – оқу орнында 1998 жылы ашылып, бүгінгі күнге дейін 6400-ден астам запастағы офицер мен 1900-ден астам запастағы сержантты даярлаған. Мұнда оқытылатын әскери-есептік мамандықтар ауқымы кең әрі заман талабына сай жүзеге асырылады. Оқу бағдарламасында әскери ұжымдағы әлеуметтік және идеологиялық жұмыстарды ұйымдастыру, әскери психология негіздері, құқықтық сауаттылық, барлау ісін жүргізу және жалпы әскери бөлімшелерді басқару бағыттары қамтылған.

   ҚР Қорғаныс министрлігінің бұйрығымен полковник Амантай Акимкулов университеттің әскери кафедра басшысы қызметіне тағайындалды. Жаңа басшыны бүгін Абай атындағы ҚазҰПУ Басқарма Төрағасы-Ректоры Болат Анапияұлы ұжымға таныстырып, алдағы оқу жылында жоспарда тұрған маңызды міндеттердә жүктеді. Жиынға оқытушы-профессорлар құрамы мен кафедра курсанттары қатысты.

   Жалпы кафедрада студенттердің әскери даярлығы запастағы офицерлерді даярлау бағдарламасы бойынша 5 әскери-есептік мамандық негізінде оқытылады. Олар: әскери ұжымдағы әлеуметтік және идеологиялық жұмыс, әскери ұжымның психологиясы, әскери істегі юриспруденция, әскери істе барлауды ұйымдастыру және жүргізу, сондай-ақ жалпы әскери бөлімшелерді басқару мамандықтары. 

   Ал запастағы сержанттарды даярлау 3 әскери-есептік мамандығы бойынша жүргізіледі. Оның ішінде «Кіші буынның мотоатқыш бөлімшелерін басқару», «Жаяу әскер жауынгерлік машинасы мен броньды транпортер» және «Әскери ұжымдағы әлеуметтік және идеологиялық жұмыс» мамандықтары қамтылған.

   Айта кетейік, жаңа тағайындалған Әскери кафедра басшысы Амантай Халиұлы Алматы жоғарғы әскери училищесінде білім алып, ұзақ жылдар Қазақстан Қарулы Күштерінде еңбек еткен. Әр жылдары Қапшағай, Арыс, Аягөз және Алматы қалаларындағы әскери бөлімдерде командир, штаб бастығы, командирдің орынбасары және түрлі бағыттағы офицер қызметін атқарған. 2019–2023 жылдары Құрлық әскерлерінің әскери институтында атыс даярлығы кафедрасының доценті, 2023–2026 жылдары Түркістан облысы әкімінің әскери қауіпсіздік және қорғаныс мәселелері жөніндегі көмекшісі болып жұмыс істеген.

                                                                                                                                                                                                                                                                                           «Abai University» медиа орталығы