БІРІНШІ КУРС СТУДЕНТТЕРІН БЕЙІМДЕУ АПТАЛЫҒЫ БАСТАЛДЫ

Бүгін Абай университетінің табалдырығын аттаған  бірінші курс студенттерін жаңа оқу жылына бейімдеу апталығы басталды. Алғашқы кездесу Жаратылыстану және география факультетінде өтіп, оған білім алушылардың студенттік өмірін белсенді ұйымдастыратын құрылымдар мен ұйым өкілдері қатысты. Бейімдеу апталығы 7-11 қыркүйек аралығында барлық факультет қабырғасында жалғасады.

Еліміздің түкпір-түкпірінен педагогикалық көшбасшы университетті таңдап келген талапкерлерге білім ордасының тарихы, оқу процесі, белсенді студенттік өмірін таныстыру мақсатында бейімделу науқаны ұйымдастырылады. Бұл бағытта жаңа өмір парағын ашқан жастарды академиялық, әлеуметтік және психологиялық қолдау аса маңызды.

Апталықтың алғашқы кездесуіне Абай университетінің Жастар ісі жөніндегі бөлім басшысы Райымбек Пірәлі,  Жаратылыстану және география факультеті деканының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Серік Бакиров, сондай-ақ студенттік ректорат пен «Қолдау» студенттік деканат мүшелері қатысты.

Ең алдымен ару қала Алматыға келген жастардың құқықтық сауаттылығы мен алаяқтардың арбауына түспеуі үшін «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында сақтық ережелері түсіндірілді. Сондай-ақ қоғамдық орын, оқу корпусы және жатақханадағы ішкі тәртіп пен мәдениет туралы да сөз болды. Университетте ұйымдастырылатын студенттік апталықтар мен тәртіптік кеңес жұмысы да назардан тыс қалмады.

Сонымен қатар студенттерге алдымен білім алуға, педагогикалық кәсіби тәжірибе жинауға және оқытушы-профессорлар құрамымен жақсы қарым-қатынас орнатуға кеңес берілді. Оған қоса студенттік шақты белсенді өткізу арқылы тұлғалық қалыптасу мүмкіндігі туралы айтылды.

Айта кетейік, бүгінде Абай университетінде спорттық, шығармашылық, ғылыми және өнер бағыттары бойынша 57  студенттік ұйым жұмыс істейді. Олар белсенді жастарды қатарларына қосып, ұмытылмас жастық шақты қызықты әрі пайдалы өткізуге ықпал етеді. Мәселен кездесуде «Әлем» және «Би» ұйымдары таныстырылып, білім алушыларды ұйым қатарына қосылуға шақырды.

Жиын соңында білім алушыларға университеттегі ішкі тәртіп ережелері таратылып, алдағы уақытта басты қағидат ретінде қабылдау қажеттігін жеткізді. Университеттің бейімдеу апталығы 7-11 қыркүйек аралығында барлық факультет қабырғасында жалғасын таппақ.

 «Abai University» медиа орталығы