05.09.2026
БҮГІН – АХМЕТ БАЙТҰРСЫНҰЛЫ КҮНІ
Бүгін, 5 қыркүйек – қазақ тіл
білімінің негізін қалаушы, ұлт ұстазы, қазақтың және Абай университетінің
алғашқы профессорларының бірі Ахмет Байтұрсынұлының туған күні. Бұл күн Алаш
қайраткерінің дүниеге келуіне орай елімізде Қазақстан халқы тілдері күні болып
бекітілген. Бұқараның сауатын ашып, оқу-ағарту ісіне ғибратты ғұмырын арнаған
ұлы ағартушы Абай атындағы ҚазҰПУ қабырғасында дәріс оқып, педагогикалық қара
шаңырақтың қалыптасуына ықпал еткен.
Ұлы ағартушы елді түзету баланы
оқытудан басталатынын алға тартты. Мәселен, «Қазақша оқу жайынан» атты
мақаласында: «Біз әуелі елді түзетуді бала оқыту ісін түзетуден бастауымыз
керек. Неге десек, болыстық та, билік те, халықтық та оқумен түзеледі... Қазақ
ішіндегі неше түрлі кемшіліктің көбі түзелгенде, оқу ісімен түзеледі» деп
жазады. Мемлекет және қоғам қайраткері
қазақ тілі мен әдебиеттану, түркітану ғылымдарының негізін салып қана
қоймай, ағартушылық, білім беру саласына да өлшеусіз үлес қосқан.
Тарихи деректерге сүйенсек, 1928
жылы 1 қазанда сол кездегі Қазақ мемлекеттік университеті, қазіргі Абай
атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің ашылуында Ахмет
Байтұрсынұлы сөз сөйлеген. Қара шаңырақтың ашылу салтанатына Қазақ АКСР халық
ағарту комиссары Ораз Жандосов ұлт ұстазын арнайы шақырған. Ол өз сөзінде «университет» атауының негізгі
мағынасын талдап береді. «Университет – жоғары мәдениеттегі сана сезім, ал
жоғары мәдениет адамзаттың ғылым мен техникада қол жеткізген орасан жетістіктерінің
жиынтығы. Сол себепті Қазақ университетінің ашылуы қазақ халқының жоғары
мәдениет ағымында өрлеу кезеңіне жеткенінің дәлелі» деген.
Бұл қара шаңырақтың құрылуында
маңызды мәселенің бірі – оқытушылар құрамын жасақтау. Соған сәйкес, 1928 жыл 15
қазандағы университет оқытушылар құрамын бекіту туралы ректордың №14 бұйрығында
9 оқытушыға лауазым беріледі. Ол қатарда 3 профессор: университет ректоры
Санжар Асфендияров, Н.Н.Фатов және Ахмет Байтұрсынұлы болды. Бұйрыққа сәйкес
А.Байтұрсынұлы мен Санжар Асфендияровқа 1928 жылдың бірінші қазаннан бастап,
Н.Н.Фатовқа 19 маусымнан бастап «университет профессоры» деген лауазымы берілген.
Сол жылы 3 қарашада ректордың тағы бір бұйрығы шығады. Бұл құжатта А.Байтұрсынұлына
«Қазақ тілі» кабинетін құру жүктеледі.
Алаш қайраткері Абай
университетінде жалпы 8 ай жұмыс істеген. Ахмет Байтұрсынұлы 1929 жылдың 10 маусымынан бастап оқу орнындағы қызметінен
босатылады. Себебі, ағартушы маусым айында жазықсыз жаламен ұсталып, абақтыға
жабылған. Ұлт ұстазының қазақтың тұңғыш жоғары оқу орнындағы қызметінің осындай
тарихы бар.
Бүгінде білім ордасында ұлт
қайраткерлері мен Алаш азаматтарының есімдері ардақталып, арнайы дәрісханалар
мен аудиториялар ашылған. Мәселен Педагогика және психология факультетінде
ағартушының көзі тірісінде жұмыс істеп, шәкірттерге дәріс оқыған №10
аудиторияға Ахмет Байтұрсынұлының есімі берілген. 2025 жылдың 2 қыркүйегінде
кабинет салтанатты түрде ашылып, ғалымның кітаптары мен ғылыми еңбектері
қойылды.
Ахмет Байтұрсынұлы – қазақ
руханиятының биік шыңы, ұлттық сананың оянуына жол ашқан дара тұлға. Ұлы
ұстаздың асқақ арманы сауатты, білімді, өз тілін қастерлейтін ұрпақ еді. Сол
арманның орындалуы – бүгінгі Абай университеті студенттері мен ұстаздарының
парызы. Ахметтің жолы – ұлт жолы. Ұлттың жолы – білім жолы. Ахмет күні құтты
болсын!
«Abai University» медиа орталығы