ХАЛЫҚАРАЛЫҚ РЕЙТИНГТЕГІ КӨШБАСШЫЛЫҚ

   Абай университеті халықаралық рейтингтердегі көрсеткіштерін жыл сайын нығайтып келеді. Оқу орны әлемдік университеттер белсене қатысатын QS World University Rankings, Times Higher Education және UI GreenMetric World University Rankings сынды жаһандық бағалау сынына қатысып, білім сапасы мен ғылыми әлеуетін және тұрақты даму бағытындағы жетістіктерін жариялап отыр.

   Ең алдымен, биыл жазда жарияланған QS World University Rankings by Subject 2026 пәндік рейтингінің нәтижесінде «Білім беру және оқыту» (Education & Training) бағыты бойынша әлемде 41-орынға ие болып, бейінді бағыты бойынша әлемдегі үздік 50 университеттің қатарына енді. Ал QS World University Rankings 2027 нәтижесі бойынша 634-орынды, ал Қазақстан университеттері арасында 4-орынды иеленді. Бұл университет дамуының тұрақты динамикасын және жаһандық бәсекеге қабілеттілігін көрсетеді.

   Абай атындағы ҚазҰПУ-дың Қазақстандағы Education & Training бағыты бойынша әлемдік ТОП-50 тізіміне енген жалғыз университет болғаны да аса маңызды. Сонымен қатар университет Азия жоғары оқу орындары арасында үздік нәтижелердің бірін және Орталық Азиядағы ең жоғары көрсеткішті көрсетті.

   UI GreenMetric халықаралық рейтингінде әлемнің 1700-ден астам университеті арасында 356-орынға ие болса, ал Қазақстан бойынша 4-орынға тұрақтады. Сондай-ақ педагогикалық қара шаңырақ шетелдік ЖОО-лармен серіктестік байланыс орнатып, екіжақты бірлескен жобаларды іске асырады. Яғни әлемнің 27 елінің жоғары оқу орындарымен 180-нен астам меморандумға қол қойып, ынтымақтастық орнатқан. Серіктестік аясында Франция, Польша, Ресей және Беларусь елдерінің жоғары оқу орындарымен қосдипломды білім беру бағдарламалары оқытылады. 

   Сонымен қатар жыл сайын білім беру бағдарламаларын IAAR, IQAA, KAZSEE, АТҚО, САААЕ және ARQA сияқты тәуелсіз агенттіктер акредитациядан өткізетінін де атап өткен жөн. Сапаны бағалау орталықтары университеттің академиялық оқыту, білім алушылардың зертханалық әрі тәжірибелік дағдыларын қалыптастыру бағытындағы қызметіне баға береді. 

   Қорыта келгенде халықаралық рейтинггке ену және жоғары нәтиже көрсету – оқу орнының білім беру және ғылыми қызметін халықаралық стандарттарға сай екенінің айқын дәлелі. 

                                                                                                                                                                                                                                                                                           «Abai University» медиа орталығы