АКАДЕМИЯЛЫҚ ҚЫЗМЕТТІ ДАМЫТУҒА БАҒЫТТАЛҒАН ЖАҢА БАСТАМАЛАР

Абай университетінде академиялық және ғылыми зерттеу қызметін дамытуға бағытталған зертханалық инфрақұрылым айтарлықтай күшейтілді. Жаңадан Ақпараттық технологиялар және жасанды интеллект факультеті ашылып, цифрлық білім беруді жетілдіруге нық қадам жасалды. Сондай-ақ студенттердің практикалық дағдыларын арттыруға бағытталған зертханалар мен агробиостанция іске қосылып, білім беру бағдарламалары жаңартылды.

Қазақстандағы және Орта Азиядағы үздік педагогикалық жоғары оқу орны ретінде Абай атындағы ҚазҰПУ академиялық қызметті жаһандық стандарттарға сәйкес жүргізеді. Заман талабына сай маман даярлау ісінде жаңа факультет құрылып, студенттердің ғылыми зерттеу жұмысын тереңдетуге бағытталған зертханалар ашылды. Бұл туралы университеттің Академиялық қызмет жөніндегі проректоры Бану Нарбекова баяндады.

– Соңғы жылдары біздің университетте құрылымдық және академиялық өзгерістер орын алуда. Оның ішінде Ақпараттық технологиялар және жасанды интеллект факультеті құрылып, Жаратылыстану және география факультетінің базасында 6 зертхана ашылды. Олар нанохимия, электрохимия, эксперименталдық биология сынды бағыттарды қамтиды. Сондай-ақ бір маусымда 60 адамды қабылдай алатын агробиостанция іске қосылды. Бұл жерде студенттер тәжірибеден өтіп, зерттеу жұмыстарын жалғастырады, – деді проректор.

Оқу орны білім алушыларға жалпы саны 157 білім беру бағдарламасын ұсынады. Оның ішінде бакалавриатта – 60, магистратурада – 58, докторантурада – 39, Лотарингия филалында 8 бағдарлама бар. Атамекен ұлттық рейтингіне ұсынылған 49 білім беру бағдарламасының тең жартысы үздік үштікке енді. Білім беру бағдарламаларын жаңғырту – білім беру мазмұнын еңбек нарығының талаптарымен, цифрлық технологиялармен, жасанды интеллектпен және нақты педагогикалық практикамен байланыстыруға бағытталған.

Ал 2026-2027 жаңа оқу жылына 50-ге жуық білім беру бағдарламасы жаңартылып, Жоғары білім берудің бірыңғай платформасына жолданған. Аталған бағдарламалардың оқу нәтижелері, пәндер каталогы, оқу жоспары мен силлабустары Abai Digital цифрлық платформасы арқылы басқарылады. Сондай-ақ педагогикалық білім берудегі маңызды жаңашылдықтың бірі – дипломдық зерттеу жұмыстарын дайындауда Action Researh және Lesson Study форматы енгізілді. Биылғы жылы Lesson Study форматында 256 студент дипломдық жоба дайындаса, 158 студент Action Researh негізінде зерттеу жүргізді.

Университет түлектері қазіргі еңбек нарығында жоғары сұранысқа ие. Түлектердің жұмыспен қамтылу деңгейі – 95%. Сонымен қатар, бітіруші түлектерді жұмыспен қамту мақсатында жыл сайын «Бос жұмыс орындар жәрмеңкесі» ұйымдастырылады. Биыл аталған іс-шараға 250-ге жуық жұмыс беруші ұйым қатысып, түлектерге 1214 бос жұмыс орнын ұсынды. Сонымен қатар, университет жұмыс берушілермен ынтамақтастық нығайту бағытында 2025 жылы 64 меморандум, 2026 жылдың бірінші жарты жылдығында 78 меморандумға қол қойды.

Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті – еліміздің үздік ұстаздарын даярлайтын қасиетті қара шаңырақ екенін дәлелдеп келеді. Педагогикалық білім берудегі трансформация жалғасын таба бермек.

«Abai University» медиа орталығы