01.09.2026
УНИВЕРСИТЕТ РЕКТОРЫ АМЕРИКАЛЫҚ СТУДЕНТТЕРДІ ҚАБЫЛДАДЫ
Абай университетінің жаһандық
білім беру ісінде беделі артып, халықаралық ынтымақтастық аясы жылдан жылға кеңейіп
келеді. Оның айқын дәлелі – 2026-2027 жаңа оқу жылында мыңға жуық шетел азаматы
оқуға қабылданды. Бүгін қара шаңыраққа білім алуға шет елден келген бір топ жастарды
Басқарма Төрағасы-Ректор Болат Тілеп арнайы қабылдады.
QS by Subject пәндік рейтингісінің
«Education & Training» бағыты бойынша Абай атындағы ҚазҰПУ әлемдегі үздік
50 университет қатарына енгені белгілі. Қазақстан мен Орта Азияның үздік
педагогикалық қара шаңырағы халықаралық ынтымақтастық бағытында ауқымды
жұмыстар атқарып жатыр. Мәселен әлемдік
жоғары оқу орындарында жүзеге асырылатын Erasmus+ бағдарламасымен Абай университетіне
келетін шетелдік білім алушылар саны артып келеді. 2026-2027 жаңа оқу жылында университетке
аталған бағдарлама бойынша Италияның Турин университетінен, Франциясының Пуатье
университетінен, Хорватияның Загреб және Задар университеттерінен студент
жастар келмек.
Сонымен қатар халықаралық академиялық
ұтқырлықты дамытуда Абай университеті мен АҚШ-тың Миддлбери колледжі екіжақты
серіктестік аясын кеңейту үстінде. Қара шаңыраққа өткен жылы Миддлбери
колледжінен 5 студент келсе, биыл олардың саны 11 білім алушыға жетті. Ал 2027
жылдың көктемгі семестрінде АҚШ-тан тағы бес студент келуі жоспарланып отыр.
Білім күні қарсаңында Абай
атындағы ҚазҰПУ Басқарма Төрағасы-Ректор Болат Тілеп мұхит асып келген бір топ шетелдік
жастарды қабылдап, алдағы оқуларына сәттілік тіледі. Миддлбери колледжінен
келген америкалықтарға оқу орнының бай тарихынан сыр шертті. Кездесуге университеттің
Стратегия және интернационалдандыру жөніндегі проректоры Айгүл Искакова, Халықаралық
ынтымақтастық департаментінің директоры Баян Сапарғалиева да қатысты.
Бұл бағдарлама – екі тарап үшін
де тәжірибе алмасуға, білім беру бағдарламаларының сапасын арттыруға, академиялық
оқыту саясатын дамытуға септігін тигізері анық. Жалпы алғанда қазіргі таңда Абай
университетінде 3 мыңнан астам шет ел
азаматы білім алуда. Олардың қатары жаңа оқу жылында 911 адаммен толықты.
Сәйкесінше бакалаврға 838, магистратураға 61, докторантураға 12 шетелдік оқуға
қабылданды.
«Abai University» медиа орталығы