БІРІНШІ КУРС СТУДЕНТТЕРІНЕ ТАНЫМДЫҚ ДӘРІСТЕР ӨТТІ

Бүгін жаңа оқу жылында Абай университетінің табалдырығын алғаш аттаған студенттерге танымдық дәрістер өтті. Іс-шара әрбір факультет қабырғасында ұйымдастырылып, университет тарихы мен құндылықтары және оқу үдерісіндегі жаңалықтар таныстырылды. Сонымен қатар факультет басшылығы мен оқытушы-профессорлар құрамы сөз сөйлеп, әрбір мамандық бойынша бағыт-бағдар берді.

Жаңа оқу жылында Абай университетін 6600-ге жуық білім алушы таңдады. Оның ішінде 5553 бакалавриат, 839 магистратура, 204 білім алушы докторантура бойынша оқуға түсті. Бакалавриат бойынша 2965 талапкер мемлекеттік грант негізінде, ал 1813 студент ақылы бөлімге қабылданып отыр. Сонымен қатар, Астана қаласы әкімдігі гранты бойынша 108, Абай облысы әкімдігінің гранты негізінді 5 талапкер үздік педагогикалық университеттің студенті атанды. Бірінші курс студенттерінің қатарында 443 «Алтын белгі» және 508 «Үздік аттестат» иегері бар. Бұл – педагогикалық қара шаңырақ үздіктердің таңдауы екенінің айқын көрсеткіші.

Танымдық дәріс барысында факультет декандары мен оқытушылар университет табалдырығын жаңа аттаған білім алушыларды оқу орны тыныс-тіршілігімен таныстырып, университет қабырғасындағы маңызды ережелер мен мүмкіндіктер туралы ақпарат берді. Сонымен қатар студенттерге оқу үдерісін тиімді ұйымдастыру, сабақ кестесін дұрыс жоспарлау, оқытушылармен қарым-қатынас орнату және университеттің қоғамдық өміріне белсенді араласу туралы сөз қозғады.

Бірінші курс студенттері оқу корпустарын аралап, барлық дәрісхана, зертхана, кітапхана және басқа да материалдық-техникалық базамен танысты. Мамандар бірінші курсқа бейімделу кезеңінде жаңа ортаға үйрену, оқу жүктемесін тиімді жоспарлау мәселелеріне тоқталып, пайдалы кеңестерімен бөлісті. Жастарға өз мүмкіндіктерін бағалау, қиындықтарды сабырмен қабылдау, қажет болған жағдайда мамандардан көмек сұраудың маңыздылығы түсіндірілді.

Кездесу барысында студенттер көкейдегі сұрақтарын қойып, факультет басшылығы мен оқытушылардан қажетті жауаптарын алды. «Судай жаңа» студенттер танымдық дәріс пен жылы қабылдауға өз ризашылықтарын  білдірді.

«Abai University» медиа орталығы