01.09.2026
ҮЗДІК ТҮЛЕКТЕР ҚАЗАН ФЕДЕРАЛДЫҚ УНИВЕРСИТЕТІНДЕ ОҚИДЫ
Білім
күні қарсаңында Абай атындағы ҚазҰПУ Басқарма Төрағасы-Ректор Болат Тілеп
университеттің үздік түлектерімен жүздесті. Олар қара шаңырақта Филология
факультетінде бакалавриат бойынша білім алып, магистратураға Қазан Федералдық
университетіне оқуға түскен. Ақжолтай жаңалықпен көршілес елге аттанғалы
отырған жастарға Болат Анапияұлы сәт сапар тілеп, ұлтымыздың және
университетіміздің абыройын асқақтатуға тілектестік білдірді.
2026
жылғы Филология факультетінің үздік диплом иегерлері Ресейдің Қазан Федералдық
университетіне магистратураға оқуға қабылданды. Олар алдағы уақытта
«Түркітілдес медиакеңістіктегі жасанды интеллект» мамандығы бойынша білім
алады. Абай атындағы ҚазҰПУ Басқарма Төрағасы-Ректор Болат Тілеп түлектермен
кездесіп, ғылым жолындағы сапарларына сәттілік тіледі.
–
Ең алдымен, Қазан Федералдық университеті Еуразия кеңістігінде өзіндік орны мен
бай тарихы қалыптасқан жоғары оқу орны. Біздің бұл университетпен байланысымыз
жылдан-жылға нығайып келеді. Сіздерге ең алдымен ұлтымыздың және Абай университетінің
беделін арттыру жауапкершілігі жүктеліп отыр. Қазан қаласындағы ашылғалы отырған
руханият мекені Абай орталығында қазақтың білім-ғылымы мен мәдениетін
дәріптеуге атсалыссаңыздар, әрқашан қолдауға дайынбыз, – деді Болат
Анапияұлы.
Қазан
Федералдық университетінің магистранты атанғандар қатарында Көркем Сапарғали,
Жансая Жәнібек, Ақерке Серікбай, Данияр Қарабала, Кенесары Ермек, Айбар Сембек
бар. Олар студент кезінен оқуда үздік атанып, Абай университетінің академиялық
ұтқырлық бағдарламасымен АҚШ, Түркия, Өзбекстан сынды шет елдерде білімін
жетілдірген.
Кездесуге
Қазақстанның Қазан қаласындағы Бас консулы Ерлан Ысқақов, университеттің Стратегия
және интернационалдандыру жөніндегі проректоры Айгүл Искакова, Ректор Аппаратының басшысы Жанатбек Ішпекбаев және шәкірттердің жетекшісі
Роза Бақбергенова, Ерлан Қасен, сондай-ақ ғалым Мұрат Мырзахметов қатысты. Жиын
соңында Бас консул Ерлан Ұзанұлы университеттің оқытушы-профессорлары мен
студенттеріне ықыласын білдіріп, алғыс хат табыстады.
Айта
кетейік, Қазан федералдық университеті – Қазан қаласындағы жоғары оқу орны,
Ресейдегі ең көне білім ордасының бірі. Білім беру орталығы 2023 жылы
Ресейдегі ең ірі университеттер тізімінде 5-орында, ал шетелдік студенттер саны
бойынша 3-орында тұр.
«Abai University» медиа орталығы