Абай университетінде 1 қыркүйек — Білім күніне орай салтанатты жиын өтті. Іс-шараға университет басшылығы, оқытушы-профессорлық құрамы мен студенттер қатысты.
Салтанатты жиын дәстүр бойынша Мемлекеттік әнұранмен ашылып, концерттік бағдарламаға ұласты. Университет ұжымы мен алғаш рет университет табалдырығын аттаған бірінші курс студенттері актілер залын түгел толтырды. Басқарма Төрағасы-Ректор Болат Анапияұлы жиналған қауымды Білім күнімен құттықтап, ізгі лебізін білдірді.

– Бүгінгі сөзімді Абайдың даналығынан бастасам: «Адамның ең жаманы ол – талапсыз. Ендеше талаптан да білім үйрен, талапсыз ақыл тұл. Талап – ақылдың ажар-көркі». Бұл – ең алдымен біздің кешегі талапкер, бүгінгі шәкірт руханияттағы ұлтымыздың дарасы, жоғары білімдегі еліміздің тұңғышы Абай университетінің студенттеріне қарата айтылған ақыл. Студенттеріміз ғылым-білім биігінен көрініп, ұстаздарымыздың еңбегі жана берсін!
Болат АнапияұлыБасқарма Төрағасы — Ректор
Қабылдау қорытындысыАбай университетіне 6596 білім алушы қабылданды


Жаңа оқу жылында Абай университетіне барлығы 6596 білім алушы қабылданды. Олардың ішінде бакалавриат, магистратура және докторантура сатыларының барлығы қамтылған. Бұл педагогикалық қара шаңырақтың биылғы қабылдау науқаны қарқынды болғанын байқатады.
Сонымен қатар, Астана қаласы әкімдігінің гранты бойынша 108 талапкер, ал Абай облысы әкімдігінің гранты негізінде 5 талапкер студент атанды. Бірінші курс студенттерінің қатарында 443 «Алтын белгі» және 508 Үздік аттестат иегерлері бар. Бұл – педагогикалық қара шаңырақты үздік талапкерлер таңдауының айқын көрсеткіші.
Бірінші курс студенттері салтанатты жиынға жиналды
Жаңа факультетАқпараттық технологиялар және жасанды интеллект факультеті ашылды


Абай университетінде цифрлық дәуірдің талаптарына жауап беретін заманауи IT мамандары мен жасанды интеллект тілін меңгерген жаңа буын педагогтерін даярлайтын Ақпараттық технологиялар және Жасанды интеллект факультеті ашылды. Студенттер бағдарламалау, машиналық оқыту, робототехника, киберқауіпсіздік, деректерді талдау және заттар интернеті (IoT) сияқты ең өзекті бағыттарды кешенді түрде меңгереді.
Атап айтсақ, білім алушылар мына бағдарламалар бойынша оқиды:
- 6B01507 — Информатика (IP)
- 6B01509 — Информатика және робототехника
- 6B06102 — Жасанды интеллект және ақпараттық технологиялар
Академиялық ынтымақтастықЖаңа білім беру бағдарламалары іске қосылады


Биылдан бастап университетте қос дипломды бірнеше білім беру бағдарламасы жүзеге асырылмақ. Бұл — университеттің отандық және шетелдік серіктестермен академиялық байланысын кеңейтуге бағытталған қадам.
Саясаттану және дінтану бағыттары
Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Академиясымен бірлескен «6B03124 Саясаттану және ұлттық қауіпсіздік» және «6B02217 Дінтану және ұлттық қауіпсіздік» білім беру бағдарламалары.
«Ғылыми-техникалық білім беру көшбасшылары»
Абай университеті мен «Сириус» ғылыми-технологиялық университетінің бірлескен магистратура жобасы. Бағдарлама «Педагогикалық білім» бағыты бойынша жүргізіледі.
Қонақ кәдеУниверситет түлегі Ерқанат Көпжасар студенттерді құттықтады


Іс-шара барысында Абай университетінің түлегі, «Қазақстан» телерадиокорпорациясы» АҚ Алматы қалалық филиалының директоры Ерқанат Көпжасар сөз сөйледі. Ол өз сөзінде білім ордасына алғысын білдіріп, жаңа оқу жылына қадам басқан студент жастарды құттықтады.
– Құрметті студенттер, мен де сіздер секілді 15 жыл бұрын осы алаңда тұрдым. Жүрегімізде қорқыныш, болашаққа үлкен үміт бар еді. Абайдың «Сен де бір кірпіш дүниеге, кетігін тап та бар қалан» сөзінде үлкен философия бар. Аяулы ұстаздарымыздың жол көрсетуімен, 4 жылда Абай университетінде қалыптастық. Бәріміз бір-бір кірпіш болып, өмірден өз орнымызды таптық. Сондықтан да сіз де болашақ мемлекетіміздің берік іргетасын қалайтын азамат болыңыздар!
Ерқанат КөпжасарУниверситет түлегі, «Қазақстан» ТРК Алматы қалалық филиалының директоры
Қайырымдылық«Мектепке жол» акциясы жалғасын тапты
Білім күні қарсаңында «Мектепке жол» республикалық қайырымдылық акциясы дәстүрлі түрде жалғасын тапты. Акцияның негізгі мақсаты — университет қызметкерлері мен оқытушы-профессорлар құрамының балаларын мектепке қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету.
«Мектепке жол» акциясы аясында сыйлықтар табысталды
Шығармашылық сәт«Абайымнан тапқаным» әні шырқалды
Жиында Абай университетінің 3-курс студенті Нұршапағат Сәулеттің сөзі мен әніне жазылған «Абайымнан тапқаным» әні шырқалды. Студенттер арасында кеңінен танылған бұл ән — университет жастарының көңілінен ерекше орын алған туынды. Әуені мен мазмұны студенттік өмірмен үндесіп, жастықтың жалынды үні мен білімге ұмтылыс үйлесім тапқан. Университет қабырғасындағы ұмытылмас сәттерді, достық пен арманды тоғыстырған шығарма жаңа оқу жылында да бірінші курс студенттерінің сүйікті әніне айналары анық.
ФакультеттердеСалтанатты жиын танымдық дәріске ұласты
Білім күніне арналған салтанатты жиын әрбір факультет қабырғасында танымдық дәріспен жалғасты. Оның ішінде Филология факультетінің студенттеріне университеттің Басқарма Төрағасы-Ректор Болат Анапияұлы танымдық дәріс оқыды. Дәріс білім алушылардың кәсіби әрі көшбасшылық қабілетін дамытуға және университет құндылықтарын түсіндіруге бағытталды.
Сонымен қатар, оқу орнының барлық факультет қабырғасында танымдық дәрістер жалғасып, бірінші курс студенттеріне білім ордасы таныстырылды.