31.08.2026
ЖАҢА ОҚУ ЖЫЛЫ ЖАҒЫМДЫ ЖАҢАЛЫҚПЕН БАСТАЛМАҚ
2026-2027 жаңа оқу жылын Абай университеті үшін жақсы жаңалықтармен бастағалы отыр. Мәселен, ақпараттық технологиялар және жасанды интеллект мамандығын оқыту мерзімі 3 жылға қысқартылды. Сондай-ақ, жаңа Ақпараттық технологиялар және жасанды интеллект факультеті ашылып, «Сириус» ғылыми-технологиялық университетімен бірлескен қосдипломды білім беру бағдарламасы іске қосылмақ. Бұл – жаңа оқу жылы қарсаңындағы айтулы жаңашылдықтар.
Елімізде 2024 жылы жоғары білім
беру жүйесіндегі төрт жылдық оқыту мерзімін қысқартуға бағытталған пилоттық
жобалар іске қосылған болатын. Оның басты ерекшелігі – еңбек нарығына қысқа
уақыт ішінде жаңа дағдыларды меңгерген маман даярлау. Әсіресе IT және жасанды
интеллект салаларына қатысты.
Осыған орай Абай университетінде 2026-2027
оқу жылынан бастап «6B06102 – Ақпараттық жүйелер және жасанды интеллект» білім
беру бағдарламасының оқу мерзімі 4 жылдан 3 жылға қысқартылды. Енді білім
алушылар үш жыл ішінде бакалавр дәрежесін алып, заманауи цифрлық технологиялар
мен жасанды интеллект саласында қажетті кәсіби құзыретті меңгеріп, еңбек
нарығына ертерек қадам басады.
Абай атындағы ҚазҰПУ цифрландыру
бағытында білім беру ісіне айрықша көңіл бөліп отыр. Оған дәлел, университеттің
жаңа құрылымы – Ақпараттық технологиялар және жасанды интеллект факультеті.
Жаңа факультет – заман талабына сай кадр даярлау үдерісін тиімді жүргізуге,
студенттердің кәсіби дағдыларын қалыптастырып, сұранысқа ие білікті маман
болуына ықпал етеді.
Сонымен қатар жаңа оқу жылында
университет шетелдік «Сириус» ғылыми-технологиялық университетінің бірлескен «Ғылыми-техникалық
білім беру көшбасшылары» магистратура білім беру бағдарламасы іске қоспақ. Бағдарлама 2026-2027 оқу жылынан
бастап «Педагогикалық білім» бағыты бойынша іске асырылады деп жоспарлануда.
Айта кетейік, бұған дейін шетелдік «Сириус» білім беру орталығының басшылығымен
кездесу өтіп, ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойған еді.
Тағы бір маңызды жаңалық – биыл Абай
университеті ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Академиясымен бірлескен «6B03124
Саясаттану және ұлттық қауіпсіздік» және
«6B02217 Дінтану және ұлттық қауіпсіздік» білім беру бағдарламаларын жүзеге
асырады. Аталған мамандықтар бойынша 88 курсант жоғары білім алып, кәсіби
дағдыларын қалыптастыруға мүмкіндік алмақ.
«Abai University»
медиа орталығы