28.08.2026
ЖАҢА БУЫН МЕКТЕП ДИРЕКТОРЛАРЫН ДАЙЫНДАУ МӘСЕЛЕЛЕРІ ТАЛҚЫЛАНДЫ
Абай университетінде
«Білім берудің әлемдік және отандық тәжірибесіндегі жаңа буын директорлық
институтының даму жағдайы мен перспективалары» атты халықаралық
ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Жиынның негізгі мақсаты – қазіргі білім беру жүйесіндегі мектеп басшысының
атқаратын рөлін, директорлық
институтты дамытудың әлемдік және отандық тәжірибесін саралау.
Алқалы жиын Абай атындағы ҚазҰПУ
Басқарма Төрағасы-Ректоры Болат Анапияұлының
құттықтау хатымен басталды. Құттықтау хатта мектеп көшбасшысына тән
қасиеттерді зерделеп, директор институтын қалыптастыру жайлы жазылған. Қазіргі
заманғы мектеп директоры әкімшілік міндеттерді атқаратын басқарушы ғана емес,
білім беру ұйымының стратегиялық көшбасшысы, өзгерістердің бастамашысы,
педогогикалық ұжымның даму бағытын айқындайтын тұлға екенін алға тартты.
Конференция модераторы, Инновациялар және технологиялар университетінің провосты Шыңғыс Нұрланұлы көшбасшылық тақырыбына терең талдау жасады.
Оңтүстік Корея, Қытай, Нидерланды сынды елдерде тәжірибесінде көшбасшылық
қабілеттің мақсатты түрде пайда болатын артықшылық екенін атап өтті.
«Адамның өмір жасы, дәрежесі мен тәжірибесі одан өзіне сенімді көшбасшы
жасамайды. Сенім табиғи түрде пайда болмайтын құбылыс. Оны мақсатты түрде
шығару керек. Мәселен, тәуекел жасар кезде дұрыс анализ жасап, нық шешім
қабылдау және басқара білуді меңгеру қажет», - деді модератор.
Халықаралық
конференцияға Қырғызстан, Қазақстан, Ұлыбритания,
Өзбекстан, Әзербайжан және Ресей
сарапшылары мен білім беру саласының өкілдері қатысты.
Шетелдік қатысушылар білім беру көшбасшылығы, мектепті жетілдіру, басқарудың
заманауи үлгілері және цифрлық технологиялардың білім беру жүйесіне ықпалы
жөніндегі тәжірибесін бөлісті. Ұлыбританиядағы Ifield Community
College директорының орынбасары доктор Томас
Харриот «Мектептегі білім беруді тиімді жетілдіру» тақырыбында баяндама жасап, Тұманды
Альбиондағы мектепті тиімді жетілдіру әдіс-тәсілдерін жіктеп берді.
Іс-шарада Алматы қаласы Білім
басқармасының №59 мектеп-гимназия директоры, Абай университетінің түлегі Асан
Тоғанбеков те мінберге шығып, мектепті басқаруда тек интуицияны қолдану аздық
ететінін жеткізді.
«Бүгінде мектепті тек интуициямен
басқару жеткіліксіз. «Меніңше» деп шешім қабылдайтын басқарудан «дерек көрсетіп
тұр» деп шешім қабылдайтын басқаруға көшу керек. Жасанды интеллект мектеп
мұғалімін де, директорын да алмастырмайды. Бірақ оны сауатты пайдаланатын
директор талдауды жылдамдатып, тәуекелді ертерек байқап және командасына қолдау
көрсетеді», – деді.
Конференцияда қозғалған негізгі
мәселенің
бірі –
«университет – мектеп» арасындағы өзара байланысты нығайту және білім беру
ұйымдарына қажетті жаңа буын басшыларын даярлаудың нәтижелі үлгісін әзірлеу. Соған сәйкес жоғары оқу орындарының педагогикалық маман даярлау және білім
беру саласындағы көшбасшылықты жетілдіру бағытындағы мол тәжірибесі
таныстырылды.
«Abai University» медиа орталығы