28.08.2026
АБАЙ УНИВЕРСИТЕТІНДЕ ТАМЫЗ КОНФЕРЕНЦИЯСЫ ӨТТІ
Бүгін Абай университетінде «Жаңа Конституцияның
нормалары мен құндылықтары: адами капиталды дамыту – білім беру жүйесінің
стратегиялық негізі» атты дәстүрлі Тамыз конференциясы өтті. Оған оқу
орны басшылығы мен оқытушы-профессорлар құрамы және зерттеуші ғалымдар қатысты.
Дәстүрлі Тамыз конференциясында қазіргі білім беру
жүйесінің даму бағыттары, педагог мәртебесі, заманауи технологияларды оқу үдерісінде
тиімді пайдалану және білім алушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері
кеңінен талқыланды. Білім беру саласының өзекті мәселелерін талқылауға арналған
шарада «Жаңа Конституцияның нормалары мен құндылықтары: адами капиталды
дамыту – білім беру жүйесінің стратегиялық негізі» тақырыбын алуы да бекер
емес. Кеше Астанада өткен республикалық Тамыз конференциясында сөз сөйлеген ҚР
Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев осы мәселеге жан-жақты тоқталған болатын.
Адами капиталды арттыруда жасанды интеллектіні пайдалану
үшін педагог мамандар сол талаптарға жауап бере алуы керек. Осыған байланысты
еліміздің жетекші педагогикалық университеті қандай бағытта жұмыс істемек?
Алқалы басқосу осы сауалдарға жауап іздеп, болашақ педагог мамандарды
дайындаудың қыр-сырын қарастырды.
Жасыратыны жоқ, бүгінде жасанды интеллект білім алушылар
мен педагогтардың жұмысын жеңілдететін тиімді құралға айналды. Дегенмен оны
қолдану барысында ақпараттың шынайылығын тексеру, академиялық адалдықты сақтау
және технологияны жауапкершілікпен пайдалану секілді өзекті мәселелер бар. Осы бағытта
түсіндірген Академиялық қызмет жөніндегі проректор Бану Нарбекова білім беру жүйесіндегі қазіргі
өзгерістер мен жаңа талаптарды баяндап берді.
Тамыз конференциясында педагогтар тәжірибе алмасып, білім
беру саласындағы жаңа үрдістермен танысуға және алдағы оқу жылына қойылатын
міндеттерді талқылауға мүмкіндік алды. Талқылау барысында білім беру сапасын
арттыру, оқыту әдістемесін жетілдіру және заманауи білім беру тәсілдерін оқу үдерісіне
енгізу мәселелері жөнінде баяндамалар тыңдалды. Ақпараттық технология дәуірлеп
тұрған сәтте оқытушылардың дәстүрлі сабақ беру үлгісінен жаңаша форматқа көшу
тәсілдері айтылды. Сонымен қатар магистранттар мен докторанттардың
ғылыми-зерттеу жұмыстарын дамыту жөнінде ұсыныстарға ерекше көңіл бөлінді.
Жиын соңында білім беру үдерісін жетілдіру, оқытудың жаңа
әдістерін кеңінен қолдану және ғылыми-зерттеу бағыттарын дамыту бойынша
ұсыныстар ортаға салынды.
«Abai University» медиа орталығы