ҰЛТТЫҚ ОРТАЛЫҚ МУЗЕЙМЕН МЕМОРАНДУМҒА ҚОЛ ҚОЙЫЛДЫ

Бүгін Абай университетінде ҚР Ұлттық Орталық музейі басшылығымен кездесу болып өтті. Жиын барысында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылып, тараптар бірлескен жобаларды жүзеге асыру және мәдени-білім беру бағытындағы байланыстарды нығайту мәселелерінде ортақ келісімге келді.


Орталық музейде экскурсиялар өткізіліп қана қоймай, жыл бойы түрлі форматтағы мәдени-ағартушылық іс-шаралар тұрақты түрде ұйымдастырылып тұрады. Мұндай маусымдық және тарихи деректерге негізделген көрмелер мен іс-шаралар, мазмұнды дәрістер студенттердің бос уақытын тиімді ұйымдастыруға ықпал ететіні сөзсіз. Сонымен қатар білім алушылардың біліктілік көкжиегін арттырып, руханиятты дәріптеу мен тұлғалық құндылықтарды арттыруда да маңызы жоғары. Осыған орай, тараптар бірлескен жобаларды жүзеге асыру, жастардың тарихи-мәдени білімін арттыру және оқытушы-ғалымдардың ғылыми зерттеу жұмыстарын жүргізуге қатысты түрлі мәселелерді талқылады.


Екіжақты кездесуге университеттің Әлеуметтік даму жөніндегі проректоры Мақсат Жақау мен оқытушы-профессорлар құрамы және ҚР Ұлттық орталық музейінің директоры Сержан Саров, музей директорының орынбасары Арайлы Бақытқызы қатысты. Басқосуда музей өкілдері мекеменің материалдық-экспонаттық қоры туралы кеңінен ақпарат беріп, ғылыми басылымдарын да таныстырды.


Жиын соңында екіжақты ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Ортақ келісім аясында алдағы уақытта студенттер мен оқытушылар музей жұмысына белсенді араласып, ғылыми-зерттеу және мәдени-ағартушылық жобалар жүзеге аспақ.


Айта кетейік, ҚР Ұлттық орталық музейі – тек Қазақстанда ғана емес, бүкіл Орта Азия аумағына танымал бірегей әрі көне шаңырақ. Қорында 300 мыңға жуық материалдық және рухани мәдениет құндылығы сақталған. Қазіргі таңда музейде тұрақты алты экспозициялық зал жұмыс істейді. Тамашалап келушілерге Қазақстанның байырғы палеонтологиясы, ежелгі, ортағасыр, жаңа және қазіргі заманғы тарихы мен мәдени мұрасы жайлы толыққанды мағлұмат алуға мүмкіндік береді.

 

«Abai University» медиа орталығы