ТАМЫЗ КОНФЕРЕНЦИЯСЫ ТҮЙТКІЛДІ МӘСЕЛЕЛЕРГЕ ЖАУАП БЕРДІ

Астана қаласында білім беру саласының жаңа басымдықтары мен даму бағыттарын талқыланған екі күндік республикалық Тамыз конференциясы басталды. «Адам капиталы, білім, прогресс – Халықтық Конституцияның негізгі құндылықтары» тақырыбына арналған кәсіби жиынның пленарлық отырысына ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев арнайы қатысты. Мемлекет басшысы еліміздің білім беру саласы дамуының бағыт-бағдарын айқындап берді. Конференция жұмысына Абай атындағы ҚазҰПУ Басқарма Төрағасы-Ректор Болат Анапияұлы мен Академиялық қызмет жөніндегі проректор Бану Нарбекова да қатысып жатыр.


Ел күткен алқалы отырыста Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев білім беру жүйесінің қазіргі жағдайын саралап, ел дамуы мен өркендеуіндегі маңызды саланың алдында тұрған басты міндеттерді жіктеп берді. Президент заманауи мектептер салу, мұғалім беделін арттыру, жасанды интеллектіні енгізу, кадр тапшылығын жою және жаңа буын педагогтарын даярлау мәселелерін қамтыды. Білім беру саласын дамыту тек жаңа технологиялар мен заманауи инфрақұрылымды енгізумен шектелмейтінін, кез келген реформаның түпкі нәтижесі адам капиталының сапасына байланысты екенін атап өтті. Ал бұл үдерісте жас ұрпақтың санасы мен дүниетанымын қалыптастыратын ұстаздың орны ерекше.


– Ұлтымыздың келешегін айқындайтын тарихи өзгерістер табысты болуы үшін, ең алдымен, қоғамдық сана жаңғыруға тиіс. Бұл істе мәртебелі мамандық иесі – мұғалімнің рөлі айрықша маңызды. Әлемді ең дамыған технология өзгертуі мүмкін. Ал адамды, оның дүниетанымын өзгерту – нағыз ұстаздың ғана қолынан келетін іс. Сондықтан мемлекет білім жүйесін дамытуға әрдайым баса назар аударады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.


Тамыз конференциясында ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі «Педагогикалық білім берудің болашағы: ұлттық модельді дамыту және енгізу» атты секция өткізді. Секциялық бөлімге еліміздің жетекші жоғары оқу орындарының басшылары, халықаралық сарапшылар және жұмыс берушілер бірлестігінің өкілдері қатысты. Жиында Абай университетінің Академиялық қызмет жөніндегі проректоры Бану Нарбекова «Педагогикалық білім беруді дамыту тұжырымдамасы: жаңа үрдістерді ескере отырып, мұғалімдердің кәсіби дамуының жаңа біртұтас экожүйесін құру» тақырыбында баяндама жасады. Онда Орта Азия мен Қазақстанның үздік педагогикалық жоғары оқу орны Абай университетінің тәжірибесі сөз болды.


Сондай-ақ секциялық отырыста педагогтарды даярлау және қолдау жүйесін қайта форматтау, дәлелді педагогика әдістерін енгізу,  педагог кадрларды даярлаудың практикаға бағдарлануын күшейту және инклюзивті білім беру мәселелері қарастырылды.


«Abai University» медиа орталығы