ЭДВАЙЗЕР ДИАГНОЗ ҚОЙМАЙДЫ: АРНАЙЫ ПСИХОЛОГИЯЛЫҚ СЕМИНАР ӨТТІ

Бүгін Абай университетінде «Дағдарыстағы студент: анықтау, қолдау, көмек көрсету» атты  психологиялық семинар өтті. Жиынға арнайы шақыртылған дәрігер оқытушы-профессорлар құрамына дәріс оқып, сауалдарға жауап берді. Психотерапевт студенттер арасындағы суицидтің алдын алу, білім алушылардың психологиялық жағдайындағы қауіп белгілерін анықтау және қолдау көрсету мәселелерін қозғады.

Жаңа оқу жылы қарсаңында психиатр, жоғары санатты дәрігер, медицина ғылымдарының кандидаты Сергей Склярдың қатысуымен университеттің оқытушы-профессорлар қауымына арналған арнайы психологиялық семинар ұйымдастырылды. Іс-шараға Тарих және құқық факультеті мен Әлем тілдері факультетінің оқытушылары, куратор-эдвайзерлер және тақырыпқа қызығушылар қатысты. Оларға суицидтің алдын алудағы студенттің жай-күйін анықтап, жан дүниесінен хабар алудың алғышарттары түсіндірілді.

– Эдвайзер диагноз қоймайды. Оның міндеті – жайсыз белгілерді байқағанда білім алушыға көмек қолын созу. Яғни студентке оң бағдар беріп, психолог маман мен жас буын арасында алтын көпір орнатуы керек, – дейді психиатр-дәрігер, ғылым кандидаты Сергей Скляр.

Білікті дәрігер жастар арасындағы суицидтік қауіпті анықтау белгілері мен әрекет ету жолдарын үйретіп, студентпен күрделі әңгіме жүргізу кезеңдерін таныстырды. Сондай-ақ көмек көрсетудегі эдвайзердің кәсіби шекарасы мен эмоционалдық ресурсы да сөз болды.

Семинар барысында аудиториямен қайтарма байланыс орнатылып, оқытушыларға тест сұрақтары ұсынылды. Арнайы тапсырмаларды орындау арқылы студентпен тіл табысудың сан түрлі жолы көрсетілді. Көбінесе сұрақ қою арқылы шәкірттердің бойындағы күйзелісті анықтап, ішкі сырын ашуға болатыны қарапайым мысалдармен жеткізілді.

Іс-шара соңында психологиялық қолдау көрсету кезінде «Эдвайзерге арналған жадынама» нұсқаулығы таратылды. Аталған кітапшада тәлімгерлерге қажетті ақпараттар мен кеңестер ұсынылған.  

Айта кетейік, психологиялық семинар 27-28 тамыз күндері жалғасын тауып, барлық факультет оқытушы-профессорлар қауымын қамтиды.

 

«Abai University» медиа орталығы