ҚҰРЫЛТАЙ САЙЛАУЫНЫҢ ҚОРЫТЫНДЫСЫ ТАЛҚЫЛАНДЫ

Бүгін Абай университетінде Құрылтай депутаттарын сайлау қорытындыларын талқылауға арналған дөңгелек үстел өтті. Жиында саяси науқан нәтижелеріне сараптамалық баға беріліп, жаңа Құрылтайдың қалыптасуы мен алдағы қызметіне қатысты өзекті мәселелер ортаға салынды. Жиынды университеттің Әлеуметтік даму жөніндегі проректоры Мақсат Жақау жүргізді.

Мақсат Жақау өз сөзінде сайлаудың ұйымдасқан түрде әділ өткенін атап өтіп, заманауи цифрлық технологиялардың ашықтық пен дауыс беру мәдениетін дамытуға ықпал еткенін айтты. Оның пікірінше, мұндай технологияларды тиімді пайдалану азаматтардың саяси процестерге деген қызығушылығын арттырып, таңдау жасау мәдениетін жетілдіруге мүмкіндік бермек.

Дөңгелек үстел барысында Абай университеті Түлектер қауымдастығының жетекшісі Болатбек Нұрбатыров Алматы қаласындағы №363 сайлау учаскесінің қорытындыларына тоқталды. Ол учаскеде науқанды өткізуге қажетті ұйымдастырушылық және материалдық-техникалық жұмыстар алдын ала жүргізілгенін, дауыс беру процесінің белгіленген тәртіппен өткенін жеткізді.

№363 учаскеде тіркелген азаматтардың таңдау нәтижесі бойынша «Әділет» партиясы 75,69 пайыз көрсеткішпен басым түскен. Болатбек Нұрбатыров учаскеде қоғамдық және халықаралық бақылаушылардың жұмысы да заңға сай қамтамасыз етілгенін жеткізді. Оның айтуынша, дауыс беру барысын 9 қоғамдық және партиялық бақылаушы, сондай-ақ 20 халықаралық және шетелдік бақылаушы қадағалаған. Бақылаушылар тәртіптің сақталуына, жұмыстың ұйымдастырылуына және ашықтық талаптарының орындалуына оң бағасын берген.

Дөңгелек үстелге қатысушылар процестің демократиялық тұрғыда ашық әрі азаматтардың белсенділігін арттыруда саяси рөл атқарғанына баға беріп, Қазақстан қоғамдық-саяси дамуында Құрылтай сайлауының маңызы жоғары тарихи оқиға болғанын атап өтті.

Абай университеті де бұл науқаннан қалыс қалмағанын айта кетуіміз керек. Естеріңізге сала кетейік, «Әділет» партиялық тізімі бойынша Сорбонна-Қазақстан институтының директоры Айнұр Сәбитова мен «Jastar Rukhy» жастар қанаты Алматы қалалық филиалының төрағасы, Абай университетінің докторанты Дидарбек Ділдәбек Құрылтай депутаттығына кандидат ретінде тіркелген болатын.

 

«Abai University» медиа орталығы