БАСТЫ МАҚСАТ – ЗЕРТТЕУ УНИВЕРСИТЕТІНЕ АЙНАЛУ

Абай университеті – еліміздегі педагогикалық білім мен ғылымның көшбасшы оқу орындарының бірі. Соңғы жылдары білім ордасы ғылыми әлеуетін жүйелі түрде күшейтіп, магистратура мен докторантурадағы білім алушылар санын, ғылыми жобалар көлемін және диссертациялық жұмыстардың нәтижелігін айтарлықтай арттырды.

Университеттің стратегиялық мақсаттарының бірі – зерттеу университеті моделіне көшу. Бұл үдерістің негізгі көрсеткіші – ғылыми кадр даярлау көлемі мен сапасын арттыру. Университеттің Зерттеу және инновациялар жөніндегі проректоры Ертай Сұлтан аталған бағытта жүйелі жұмыс жүргізіліп, білім алушылар саны артқанын жеткізді.

– Зерттеу университетіне айналу жолындағы маңызды қадамдардың бірі – докторанттар мен магистранттардың санын арттыру. Осы бағытта Абай университеті сенімді қадамдар жасап келеді. Соңғы үш жылда докторанттар саны бірнеше есеге өсіп, бүгінде 605 адамға жетті. Биыл докторантураға 206 грант бөлінді. Қазір университетте 18 диссертациялық кеңес жұмыс істейді, – дейді Ертай Сұлтан.

Мәселен, 2024 жылы 57 докторант білім алса, қазір олардың саны 605-ке жеткен. Яғни контингент 10 есе көбейген. Оның ішінде 1 курста – 206, 2 курста – 211, 3 курста – 188 зерттеушілер білім алып жатыр. Соған сәйкес, университет жанында 18 бірлескен диссертациялық кеңес жұмыс істейді. Олар еліміздің ғылыми-зерттеу институттарымен 27 келісімшарт жасаған. Бұл ғылыми зерттеулерді тәжірибемен ұштастырып, докторанттардың кәсіби және зерттеушілік әлеуетін арттыруға мүмкіндік береді.

Өткен жылы 78 ғалымға PhD дәрежесі берілсе, оның ішінде 26 зерттеуші басқа ЖОО келген. Ал 2026 жылдың алғашқы жартыжылдығында 60 үміткер ғылыми дәрежесін сәтті қорғады. Нәтижесінде, жалпы саны 138 жаңа ғалым ғылымға қадам басты.

Университеттің зерттеу жобаларының ауқымы да кеңейіп келеді. Биыл Ғылым және жоғары білім министрлігінің қолдауымен 33 ғылыми жоба жүзеге асырылды. Бұдан бөлек, университет қаражаты есебінен 40 университетішілік жоба қаржыландырылды. Ғылыми әзірлемелерді практикаға енгізу мақсатында өндірістік коммерцияландыру және инновациялық бастамаларды қолдауға арналған 15 стартап жоба өз жұмысын жалғастырып келеді.

Сонымен қатар Абай университетінің ғылыми әлеуетін білікті оқытушы-профессорлар құрамы толықтырады. Оқу орнында ҚР Ұлттық ғылым академиясының 10 академигі, 18 профессор-зерттеуші және 26 постдокторант еңбек етеді. Айта кеткен жөн, университеттің 35 ғалымы Scopus және Web of Science халықаралық сарапшылар құрамына енген.

  «Abai University» медиа орталығы