БІЛІМ ОРДАСЫНДАҒЫ ЦИФРЛЫҚ СЕРПІЛІС

Бүгінде жоғары оқу орнының тыныс-тіршілігін заманауи технологиясыз елестету мүмкін емес. Ұзын-сонар кезек, бұрынғы қағазбастылық пен бір құжат үшін бірнеше кабинетті жағалау сияқты әбігерлік біртіндеп азайып келеді. Оның орнына экрандағы санаулы батырма, «бір терезедегі» қолжетімді қызмет және қашықтан құжат рәсімдеу тетіктері пайда болды. Университеттің Abai Digital цифрлық платформасы – білім беру, әкімшілік, кадрлық, ғылыми және инфрақұрылымдық процестерді автоматтандыруға мол мүмкіндік берді.


Отандық педагогиканың қара шаңырағы – Абай университеті де оқу мен басқару үдерістерін заманауи технологиялық жаңғырту қарқынды жүргізіліп келеді. Оның айқын дәлелі – биылғы қабылдау науқанынан көруге болады. Электронды кезек, цифрлық қолтаңба, QR арқылы тіркелу, онлайн өтініш беру сынды іс-әрекеттер жұмыс сапасын арттырып, адамдарға уақыт үнемдеуге септігін тигізді.


Биылғы жылы Қабылдау комиссиясы жалпы саны 5 мыңнан астам талапкерді тіркеп, құжаттарын жаңа жүйе арқылы қабылдады. Мұндай ауқымды міндетті құжаттық тәсілмен атқару көп уақыт пен ресурсты талап ететін. Ал цифрлық платформа жиі қайталанатын іс-әрекеттерді азайтып, мәліметтерді жинақтау тәсілін жеңілдетті. Нәтижесінде, қызметкерлердің қызметтік жүктемесі жеңілдеп қана қоймай, талапкерлер үшін де қабылдау процесі ашық әрі түсінікті болды.


Цифрлық өзгеріс тек қабылдау науқанымен шектелмейді. ABAI DIGITAL платформасы – білім алушыға қажетті негізгі қызметтердің барлығын бір жүйеге тоғыстырады. Сабақ кестесі, үлгерім динамикасы, емтихан нәтижелері, оқу материалдары, кітапхана қоры мен түрлі анықтамалар бір жүйеде қолжетімді. Білім алушылар үшін талапкер кезеңінен дипломды маман болуға дейінгі академиялық, ғылыми және құжаттық рәсімдер цифрлық экожүйеде жүзеге асырылады.


Бұл электронды платформа – студенттердің уақытын үнемдеп, оқу барысын тиімді жоспарлауға ықпал етеді. Қарапайым ғана құжаттық деректер мен қағазбастылыққа жұмсалатын бағалы уақытты ғылыми ізденіске, шығармашылыққа және өзін-өзі дамытуға арнайды. Сабақ пен қоғамдық немесе ғылыми-шығармашылық қызметті қатар алып жүрген жастарға тиімділігі жоғары.


Университет үшін цифрландырудың басты нәтижесі де осы. Күнделікті тапсырмалар жүйеленіп, қызмет көрсету сапасы артты. Шәкірт пен оқытушының уақыты үнемделіп, ішкі жұмыс ырғағы реттелді. Ал бірыңғай цифрлық платформа осы үдерістердің барлығын бір орталықтан тиімді басқаруға мүмкіндік береді.


«Abai University» медиа орталығы