Фаузия ОРАЗБАЕВА, ҰҒА академигі, педагогика ғылымының докторы, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің зерттеуші-профессоры: ТІЛ БІЛУДІҢ ӨЛШЕМІ – ОНЫ ӨМІРДЕ ҚОЛДАНА АЛУ

Мектепте қазақ тілін он бір жыл оқыған түлек неге еркін сөйлей алмайды? ҰҒА академигі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, педагогика ғылымының докторы, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің зерттеуші-профессоры Фаузия Оразбаева мәселенің түйінін оқыту жүйесінен, тілдік ортадан және бағалау өлшемдерінен іздейді. Ғалымның жетекшілігімен қазақ тілін алты деңгей бойынша меңгертуге арналған оқу-әдіс­темелік жүйе әзірленген. Оның пайымынша, тілді меңгерудің басты өлшемі – адамның қазақша тыңдап, сөйлеп, оқып, жазып, күнделікті жағдаятта еркін тілдесе алуы. Ғалым ұлттық стандарт, тілдік минимум және жасанды интеллект дәуірінде адамның тілдік қабілетін қалай бағалау керегін де сөз етеді.


– Сіздің жетекшілігіңізбен қазақ тілін алты деңгей бойынша меңгерту жүйесі әзірленді. Қазақ тілін білу қандай өлшеммен анықталуы керек? Мектеп түлегі, студент пен мемлекеттік қызметші қай деңгейге жетуге тиіс?


– Білім беру жүйесіндегі басты мақсат – Қазақстан Республикасының білім сапасын арттыра отырып, әлемдік өркениетке жету жолын іске асыратын білімді де мәдениетті, білікті де саналы тұлға тәрбиелеу. Бұл – ана тілінің сөздік қорын жетік игерген; ұлттық мұраны жете меңгерген; адамзатқа ортақ рухани құндылықтарды білетін; ұлты мен тілін қастерлейтін, жері мен елін қадірлейтін; Отанын сүйетін дүниетанымы кең; ізденгіш, іскер, бәсекеге қабілетті, еңбекқор, интеллектуал ұрпақ тәрбиелеу деген сөз. Мектеп пен жоғары оқу орны ана тілінің байлығын меңгерген, ұлттық мұраны таныған, ойын жүйелі әрі сауатты жеткізе алатын, еліне жауапкершілікпен қарайтын тұлға қалыптастыруға тиіс. Сондықтан білім мен тәрбиенің өзегінде тіл тұрады.

Қазақстан жағдайында бұл, ең алдымен, мемлекеттік тіл – қазақ тілін оқыту сапасына қатысты. Қазақ тілі – қазақ халқының ана тілі әрі елдегі түрлі этнос өкілдерінің өзара түсінісуіне қызмет ететін ортақ қатынас құралы. Тілдің қоғамдық қызметі адамның қанша сөз білетінімен өлшенбейді. Ол сөйлесу, пікір алмасу, өзгені түсіну және ойын ауызша да, жазбаша да жеткізу үстінде танылады.

Тілдік қатынас – адамдардың тіл арқылы ауызша және жазбаша байланысқа түсуі. Сондықтан тілді оқытудың мақсаты ережені жаттатумен шектелмеуге тиіс. Үйренуші күнделікті жағдаят­та тілдесе алуы, сұрақ қоя білуі, пікірін дәлелді жеткізуі және сауатты жазуы қажет.

Деңгейлеп оқытудың мәні де осы. Әр адамның тілдік дайындығы мен сұранысы әртүрлі. Біреуге қазақ тілі күнделікті қарым-қатынас үшін қажет болса, екіншісіне оқу немесе кәсіби ортада қолдану үшін керек. Демек, оқу мазмұны үйренушінің бастапқы деңгейіне, мақсатына және тілдік сұранысына қарай құрылуға тиіс. Нәтиже де «адам қазақ тілінде айтайын деген ойын қалай жеткізе алады?» деген өлшеммен бағалануы керек.

1. Тілді деңгейлік оқытудың түпкі мақсаты, ең алдымен, әлемдік стандарт қағидаларының заңдылықтарын негізге алу. Бұл халықаралық стандартты сол қалпы көшіріп алу деген сөз емес. Қазақ тілін деңгейлік меңгерту Қазақстан халқының өзіне тән ерекшеліктері мен заңдылықтарына, тілдік ортасына сай бекітілген төл Стандарт бойынша оқытылғанда, оң нәтиже береді. Талқыға түсіп, бекітілген Стандарт бойынша пәннің типтік бағдарламасы жасалады. Стандарт пен типтік Бағдарлама тілді оқыту концептілеріне негізделеді. Қазақстан Республикасының стандарты мен бағдарламасы – мемлекеттік тілді қатысымдық тұрғыдан үйретуді көздейтін; тілді игеру деңгейлері мен нормаларын анықтайтын; оқу-әдістемелік кешеннің нормативтік белгілерін, басты мақсаты мен міндеттерін айқындайтын; әр деңгейге қатысты лексика-грамматикалық минимумдар мен білім мазмұнын, оның өлшемдері мен талаптарын айқындайтын; қазақ тілін оқытудың басты ұстанымдарын белгілейтін басты құжат.

Осындай мемлекеттік құжатқа негізделген қазақ тілін оқытудың мақсаты – қазақ тілін деңгейлік меңгертуге негізделген, бір-бірімен сабақтас, жүйелі, коммуникацияға құрылған білім мазмұны арқылы мемлекеттік тілде өз ойын ауызша және жазбаша түрде түсінікті, дұрыс жеткізе алатын, түрлі өмірлік жағдайда қазақша еркін сөйлей алатын тұлға қалыптастыру.

Мемлекеттік дәрежеде бекітілген Стандарт пен Типтік Бағдарлама бойын­ша оқулық және оқу-әдістемелік кешен түзіледі. Бұлар – ортақ мақсатты көздеген біртұтас кешен. Мұндай маңызды мемлекеттік құжат қазіргі күні қазақ тілін деңгейлік оқыту барысында толыққанды жүзеге аспай отыр. Қазіргі кезеңде бүкіл базалық мазмұн мен қажетті тілдік құрылым кез келген уақытта дәйексіз өзгертіліп, ауыстырыла беретіндіктен, пайдасыз, сапасыз, қиын материалдарды қамтыған жүйесіз оқулық нәтиже бермей келеді.

2. Мемлекеттік тілді деңгейлеп оқыту лингвистикалық, қатысымдық, танымдық, психологиялық және педагогикалық негіздерге сүйенеді. Ұлттық мазмұн оқу материалының өзегіне айналуға тиіс. Үлкенмен амандасу, қонақ қарсы алу, жол сұрау, ұсыныстан сыпайы бас тарту секілді өмірлік жағдаяттар тілді күнделікті қарым-қатынаста қолдануға үйретеді. Сондықтан оқу мазмұны басы артық, шамадан тыс күрделі материалға емес, сөйлеу әрекетін дамытатын мазмұн мен тапсырмаларға құрылуы керек.

3. Деңгейлік оқытудың нәтижесі дұрыс іріктелген тілдік минимумға байланысты. Әр деңгейге қажетті сөздер, тұрақты тіркестер, сөйлем үлгілері мен грамматикалық құрылымдар олардың нақты қарым-қатынаста жұмсалу мүмкіндігіне қарай сұрыпталады. Тілдік минимум оқу мазмұнының көлемін реттеп, үйренушінің сол деңгейде меңгеруге тиіс тілдік қорын айқындайды. Негізгі өлшем – қанша ереже білгені емес, сол тілдік құралдарды өмірлік жағдаятта орнымен қолдана алуы.

4. Тілдік базалық мазмұн өмірлік жағдаяттармен байланысты бола келіп, коммуникативтік-функционалдық тұрғыдан жүйеленген лексикалық тақырыптармен, сөйлеу грамматикасымен тіл үйрету мақсатының шеңберін айқындайды. Нәтижесінде сөз, тұрақты тіркес, сөйлем және мәтін белгілі бір тақырыптық ортада біртұтас өріс құрып, сөйлеу аясын құрайды.

Деңгейлік оқытудағы функционалдық-семантикалық өріс пен тілдік минимумдар – өзара тығыз байланысты ұғымдар. Өріс тілдік материалдың мағыналық және қызметтік ұйымдасу кеңістігін білдірсе, тілдік минимум сол кеңістікте меңгерілуге тиіс сөздік қорды құрайды. Бұл екі ұғымның өзара байланысы оқу материалының көлемін, мазмұнын және қатысымдық жүктемесін дәл анықтауға мүмкіндік береді. Соның нәтижесінде тіл үйренуші белгілі бір деңгей соңында тек тілдік ережелерді меңгеріп қана қоймай, сол деңгейге сәйкес тілдік құралдарды нақты жағдаятта қолдана алатын дәрежеге жетеді.

5. Деңгейлік оқытудың нәтижесі әдістемеге тікелей байланысты. Оқушы сөзді орынды таңдап, сөйлемді дұрыс құрып, ойын жүйелі жеткізіп, жағдаятқа сай сөйлеу мәнерін меңгеруі керек. Мұндай дағды бірден қалыптаспайды: оқушы жаңа сөзді естиді, мағынасын түсінеді, қайталайды, сөйлемде қолданады, кейін оны еркін сөйлеуге енгізеді. Сондықтан оқу материалы жеңілден күрделіге қарай беріліп, білім алушының дайындық деңгейі, сөздік қоры және тіл меңгеру қарқыны ескерілуге тиіс. Бастапқы деңгейде күнделікті қарапайым ақпаратты жеткізуге үйретілсе, орта және жоғары деңгейлерде қоғамдық-әлеуметтік мәселелер жөнінде пікір айтуға, сұқбатқа қатысуға, көзқарасын уәждеп жеткізуге дағдыландырылады. Тілді оқытудың түпкі нәтижесі – ережені білу емес, сол білімді нақты қарым-қатынаста еркін қолдану.

6. Мемлекеттік тілді оқыту мәселесін білім беру саласының шеңберімен шектеуге болмайды. Қазақ тілін меңгеру филологтерге ғана емес, барлық сала мамандарына қажет. Кез келген маман ойын ұғынықты жеткізіп, пікірін дәлелдеп, сауатты сөйлеп және дұрыс жаза білуге тиіс. Сондықтан мемлекеттік тілді оқыту пәндік біліммен шектелмей, адамның әлеуметтік ортаға араласуына, дүниетанымын кеңейтуіне және қоғамдық қарым-қатынасқа еркін қатысуына қызмет етуі керек.

Тілді меңгертуде оның қоғамдағы орны мен қолданыс өрісі шешуші мәнге ие. Қазақ тілі тұрмыста, мәдени ортада, іскерлік қатынаста, білім мен ғылымда жан-жақты қызмет атқарғанда ғана мемлекеттік тіл ретіндегі мәртебесі нақты қолданыспен бекемделеді. Қазір қоғамдық ортада қазақ тілінің әлеуметтік қызметі әлі де толық орнығып болған жоқ.

Бір ғана мысал келтірейін. Университетімізге келген шетелдік студенттер әртүрлі мамандықта оқиды. Алғаш келгенде олар қазақ тілін үйренуге бірден ден қояды. Бірер айдан кейін: «Мұғалім, рұқсат етсеңіз, алдымен орыс тілінің даярлық тобына барсақ деп едік. Көшедегі тілдік қарым-қатынас көбіне орысша екен», – дейді. Бұл тіл үйретудің нәтижесі сабаққа ғана емес, сол тілдің қоғамдағы шынайы қолданысына да тікелей байланысты екенін аңғартады.


– Қазақ тілін меңгеру деңгейлері жүйеленгенімен, «қазақ тілін жетік біледі» дегенді көрсететін ұлттық стандарт қалыптасты ма?


– Мектеп түлегінің де, студенттің де, мемлекеттік қызметшінің де қазақ тілін меңгеру деңгейі, ең алдымен, сол тілде сөйлеп, ойын жеткізе алуымен анықталуы керек. Адам әртүрлі өмірлік жағдаятта ойын, пікірін, өтінішін немесе көзқарасын түсінікті әрі орынды жеткізе алса, негізгі тілдік талап орындалды деуге болады.

Тілді меңгеру деңгейін тест тапсыр­маларымен ғана өлшеу жеткіліксіз. Бағалау сөйлесім әрекетінің барлық түрін қамтуға тиіс. Тыңдалым, оқылым, айтылым, жазылым және тілдесім адамның қатысымдық мүмкіндігін айқындайтын біртұтас өлшемдер жүйесін құрайды. Осы әрекеттердің бірі ескерілмесе, тілдік қатынас толық бағаланбайды.

Сондықтан сабақта бұл әрекеттер өзара сабақтас жүргізілуі қажет. Мәселен, шағын мәтін алдымен тыңдалады, кейін оқылады, мазмұны ауызша баяндалып, негізгі ойы айтылады, соңында жазбаша тапсырма орындалады. Бұдан кейін жұптық және топтық жұмыс, сұрақ-жауап, сұқбат пен пікірталас арқылы тілдесімге ұласады. Осындай жүйе күнделікті тұрмыс пен қоғамдық ортада қолданылатын тақырыптармен сабақтасып, деңгейден деңгейге біртіндеп күрделенгенде тіл үйренушінің нақты сөйлеу қабілеті қалыптасады.

Тыңдалым, оқылым, айтылым, жазылым және тілдесім бір-бірінен бөлек дамымайды. Олар өзара байланыста оқытылып, тіл меңгеру деңгейін айқындайтын тұтас өлшемге айналады. Емтиханда осы әрекеттердің бірі қамтылмаса, бағалау да біржақты сипат алады.


– Жасанды интеллект мәтін жазып, тапсырма орындап бере алатын кезде оқушының қазақ тілін өзі меңгергеніне қалай көз жеткіземіз?


– Тілді меңгертуде қатысымдық бағыттың орны айрықша. Қатысымдық тіл білімі сөйлеу әрекетін дамытуға басымдық береді. Бірақ сөйлеу грамматикалық заңдылықтардан тыс қалыптаспайды. Оқушы грамматикалық құрылымдарды орнымен қолдана алмаса, ойын түсінікті жеткізе алмайды, тілдік дағдысы да орнықпайды. Сөйлеуші мақсатына қарай ойын жүйелейді, сөзді жағдаятқа сай таңдайды, тыңдаушыны ескеріп сөйлейді және соған қажетті грамматикалық құралдарды сұрыптап қолданады. Грамматикалық ережелерді бастан-аяқ тізіп оқыту сөйлеуге қызмет етпейді.

Сөйлеуде нені айту маңызды болса, оны кімге, қандай жағдайда және қандай мақсатпен жеткізу де соншалық маңызды. Ой анық болуы үшін сөйлем сауатты құрылуы керек. Ал сөйлемді сауатты құрастыру үшін қажетті грамматикалық заңдылықтар мақсатқа сай іріктеліп беріледі.

Жасанды интеллект оқушының тіл меңгеру деңгейін анықтауға, оқу материалын соған қарай бейімдеуге және жекелеген тапсырмаларды орындауға көмектесе алады. Бірақ ол адамның өзін алмастырмайды. Адамның шынайы тілдік қабілеті, дағдысы мен білік-білігі – жеке-дара қасиет. Жасанды интеллект – құрал, орындаушы және көмекші. Оны тірі ағзаның табиғи тілдік қабілетімен теңестіруге болмайды. Адам мен ЖИ мүмкіндіктерін салыстыра зерттеу жаңа тұжырымдарға жол ашады, алайда екеуінің табиғаты бір емес.


– Сіз өзге тілді аудиторияға қазақ тілін оқыту әдістемесін ұзақ жыл зерттедіңіз. Үйренушінің бастапқы деңгейін ескермей, бәріне бірдей әдіс қолдану нәтижеге қалай әсер етеді? Ересек адамның қазақша сөйлеуін жеделдететін ең тиімді тәсіл қандай?


– Деңгейлік оқыту жүйесінің негізінде тілді біртіндеп, сатылап меңгерту ұстанымы жатыр. Бұл білім алушының бастапқы тілдік даярлығын ескеруге мүмкіндік береді. Оқу материалы адамның жасына, тілдік деңгейіне және оқу мақсатына сай іріктелуге тиіс. Бастапқы деңгейде оқушының қабілеті мен талабын ескермеу, біріншіден, тілдің мазмұны мен құрылымын бұзуға әкеледі. Екіншіден, жүйесіз оқытылған сапасыз білім оқушының тілге деген қабілетін жояды. Тіл – жүйелі құбылыс, оны жүйесіз оқыту баланың санасына кері әсер етеді. Алғашқы кезеңде оқушы күнделікті өмірде жиі жұмсалатын сөздерді меңгеріп, қарапайым сөйлемдер арқылы өзіне таныс жағдаяттарды баяндайды. Бастапқы деңгейдің осы діңгегі қалыптаспайынша, еркін сөйлем құрап, тілдесімге шығу қиын.

Ересек адамның қазақша сөйлеуін жеделдетудің тиімді жолы үш нәрсеге тіреледі: біріншіден, күнделікті өмірге қажет жеңіл сөздер мен сөйлемдерді ұтымды тәсілдермен меңгерту; екіншіден, тілдік қатынасқа қажетті лексика-грамматикалық минимумды орнымен қолдануға үйрету; үшіншіден, сөйлеу машығын тәжірибеде мүмкіндігінше жиі қолдану. Жалпы алғанда, сіз көтерген мәселенің бәрі маңызды. Терең оқу білікті, іскер ұрпаққа қажет. Сауатты жазу білімді, зияткерлік әлеуеті жоғары, бәсекеге қабілетті ұлт үшін керек. Қазақша сөйлейтіндердің санын да, сапасын да арттыру маңызды.

Қазір қазақтың ауызекі сөйлеу мәнерінде ойды жүйесіз баяндау, сөзді орынсыз жұмсау, сөйлемді дұрыс құрай алмау сияқты құбылыстар байқалады. Мұның бәрі тіліміздің бай сөздік қоры мен ой қазынасының қалыптасқан заңдылығы мен нормасына нұқсан келтіреді. Қазақ сөзді өнер деп таныған, сөзге тоқтаған. Дауын сөзбен шешіп, елді сөзбен ұйыстырған. Бұл – ұлттық болмысымыздың айқын белгісі. Сондықтан зерделі ой айтып, сөз саптай білетін автор қандай қажет болса, жеткізілген ойдың жүйесін түсініп, салмағын таразылайтын оқырман да сондай қажет. Қазақ елі үшін мұндай қауымның орны бөлек. Олардың тілді қолдану өнегесі әрдайым маңызды.


– Әңгімеңізге рақмет!


Сұқбаттасқан: Бағдат СҰЛТАНҚЫЗЫ

Дереккөз: anatili.kazgazeta.kz