18.08.2026
ҮКІМЕТ ОТЫРЫСЫНДА КАДР ДАЯРЛАУДЫҢ ЖАҢА МОДЕЛІ ТАЛҚЫЛАНДЫ
Қазақстанда жоғары білім беру жүйесі еңбек нарығының өзгеріп отырған талаптарына бейімделіп келеді. Университеттер алдына теориялық білім беріп қана қоймай, студентті нақты кәсіби ортаға дайындау, жұмыс берушілермен байланысты күшейту және өндіріске қажетті құзыреттерді қалыптастыру міндеті қойылды. Бұл туралы ҚР Ғылым және білім министрі Саясат Нұрбек Үкімет отырысында мәлімдеді.
Министр бүгінде білім алушылардың
кәсіби даярлығын тәжірибемен ұштастыруға ерекше мән берілгенін алға тартты. Мәселен,
«Самұрық-Қазына» қорымен бірлескен жобалар барысында қордың портфельдік
компанияларында жыл сайын, шамамен, 10 мың жас маман дуалды оқудан және
өндірістік тәжірибеден өтеді. 2026 жылдың алғашқы жартыжылдығында бұл
форматпен 4,3 мыңнан астам студент қамтылған.
Дуалды оқыту тау-кен ісі,
энергетика, ІТ, телекоммуникациялар, цифрлық технологиялар және басқа да өндірістік
салаларды қамтиды. Айталық, соңғы 7 жылда еліміздегі жоғары оқу орындарын
тамамдаған 1,15 млн түлектің 832,5 мыңы жұмысқа орналасқан. Орташа жұмыспен
қамту деңгейі 72,2%-ды құраса, мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша білім
алған түлектердің көрсеткіші 78,2%-ға жеткен.
Саясат Нұрбек жоғары білім беру
жүйесінің цифрлық трансформациясына да тоқталды. Бүгінде 93 ЖОО әлемдік білім
беру платформаларына, соның ішінде Coursera-ға,
ал АІ-SANA бағдарламасы аясында жасанды зерде бойынша 697,2 мыңнан астам
студент білім алды.
Еңбек
нарығының өзгеруі жаңа педагогикалық оқыту жүйесіне де жаңа міндеттер жүктейді.
Болашақ мұғалімнің теориялық дайындығын мектептегі тәжірибемен салаластыру,
білім беру мекемелерімен тығыз байланыс орнату және шәкіртті кәсіби ортаға ерте
бейімдеу – заманауи педагог даярлаудың маңызды басымдықтарының бірі екені анық.
Бұл
ретте Абай атындағы ҚазҰПУ-дың тәжірибесі айрықша мәнге ие. Бір ғасырдан астам
уақыт бойы педагог кадрларын даярлап келе жатқан университет мектеп пен жоғары
білім арасындағы сабақтастықты қалыптастырудың өзіндік моделін орнықтырды.
Бүгінде оқыту әдістемесі заманауи білім беру талаптарымен толықтырылып, болашақ
мұғалімді пәндік біліммен қатар, цифрлық ортада жұмыс істеуге, жаңа
педагогикалық тәсілдерді меңгеруге және мектептің нақты сұранысына жауап беруге
даярлау ісіне бағытталып отыр.
«Abai University»
медиа орталығы