20.08.2026
УНИВЕРСИТЕТ АЛМАТЫ ҚАЛАСЫНЫҢ ПЕДАГОГ КАДРЛАРЫН ДАЯРЛАУҒА АТСАЛЫСАДЫ
Алматы қаласының білім беру
жүйесін білікті педагог кадрлармен қамтамасыз ету бағытында жаңа қадам жасалды.
Қала әкімдігінің Білім басқармасы еліміздің жетекші жоғары оқу орындарымен
өзара ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойды. Олардың қатарында Абай
атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті де бар.
Жаңа келісім білім беру саласының екі буыны – жоғары және орта білім арасындағы байланысты нығайтып, болашақ мамандарды даярлаудан бастап, оның қызметтік ортаға бейімделуі мен еңбек жолын қалыптастыруға дейінгі кезеңдерді өзара сабақтастыруды көздейді.
Университеттің Академиялық қызмет
жөніндегі проректоры Бану Нарбекова және Алматы қалалық Білім басқармасының
басшысы Сәкен Аралбаев екіжақты ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Ынтымақтастық
аясында оқыту сапасын жетілдіру, студенттердің мектептердегі практика
мүмкіндіктерін кеңейту, академиялық ұтқырлықты дамыту және түлектердің Алматы
қаласының мемлекеттік мекемелерге жұмысқа орналасуына қолдау көрсету
жоспарланып отыр.
Сонымен қатар тараптар мектеп
оқушыларына кәсіби бағдар беруге, ғылыми-зерттеу және әдістемелік жобаларды
бірлесе жүзеге асыруға, мұғалімдердің біліктілік құзыреттерін арттыруға
бағытталған жұмыстарды күшейтеді. Педагогикалық мамандықтарға тұрақты
қызығушылықты қалыптастыру және қаланың білім беру жүйесі үшін кадрлық резерв
құру мақсатында «Педагогикалық сыныптар» жобасын дамытуға да назар аударылады.
Абай университетінің шәкірт
тәрбиелеудегі тәжірибесі мен білім беру ұйымдарымен орнатқан тығыз
қарым-қатынасы студенттердің теориялық білімін тәжірибемен ұштастырып,
болашақ мамандардың жұмыс ортасына ерте бейімделуіне мүмкіндік береді. Бұған
дейін де университет пен мектеп арасында студенттердің арнайы дағдыларын
дамыту, тағылымдамадан өтуі және түлектерді жұмыспен қамту бағыттарында
бірлескен жобалар жүзеге асырылған.
Жаңа бастама педагог мәртебесінің
тартымдылығын арттыруға және жастарға салалық дамудың нақты бағытын ұсынуға
ықпал етеді. Осылайша университет – мектеп – еңбек нарығы
арасындағы байланыс нығайып, Алматының білім беру жүйесіне қажетті жаңа буын
мамандарын даярлаудың тиімді үлгісі қалыптаса түспек.
«Abai University»
медиа орталығы