19.08.2026
САЙЛАУ УЧАСКЕЛЕРІ ТОЛЫҚТАЙ ДАЙЫН
Елімізде 23 тамыз күні Қазақстан Республикасы Құрылтайының сайлауы өтеді. Бұл – мемлекеттің қоғамдық-саяси өміріндегі маңызды оқиғалардың бірі. Осыған орай Абай университетінің базасында орналасқан аумақтық сайлау учаскелері азаматтардың конституциялық сайлау құқығын еркін әрі кедергісіз жүзеге асыруға толықтай дайын.
Оқу орнының Алматы қаласы, Қазыбек би көшесі, 30В мекенжайында орналасқан спортзалы №363 сайлау учаскесі болып бекітілген. Ал елордалықтар үшін Астана қаласы, Ұшқыштар көшесі, 8/1 мекенжайындағы университеттің Білім беру институты №139 сайлау учаскесі ретінде жұмыс істейді. Аталған сайлау учаскелерінде дауыс беруді ұйымдастыруға қажетті материалдық-техникалық база әзірленіп, комиссия мүшелерінің жұмыс орындары жабдықталған. Сайлау құжаттары дайындалып, қажетті ақпараттық материалдар орналастырылған.
№363 сайлау учаскесі 1 мыңға жуық сайлаушыны қамтыса, №139 сайлау учаскесіне 2 мыңға жуық азамат тіркелген. Осыған байланысты учаскелік сайлау комиссиялары дауыс беру күні азаматтарды қабылдау, олардың деректерін сәйкестендіру, сайлау бюллетеньдерін беру және дауыс беру процесінің заң талаптарына сәйкес өткізеді.
Аумақтық сайлау комиссиясының (АСК) мәліметінше, Алматы қаласында 670 сайлау учаскесі жұмыс істейді. Мегаполисте сайлаушылар саны 1,3 миллионнан асады. Құрылтай сайлауына дайындық жұмысы Орталық сайлау комиссиясы бекіткен күнтізбелік жоспарға сәйкес жүргізілген. Қазіргі уақытта республика бойынша учаскелік сайлау комиссияларының жұмысын ұйымдастыру, комиссия мүшелерінің даярлығын жетілдіру, дауыс беру орындарының материалдық-техникалық жағдайын тексеру, сайлаушылар тізімдерін нақтылау және халық арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстары аяқталып қалды.
Құрылтай сайлауы 23 тамыз таңғы сағат 07:00-де басталып, 20:00-ге дейін жалғасады. Бұл сайлаудың бір ерекшелігі – дауыс беру құпиясын сақтау талаптары күшейтілген. Атап айтқанда, толтырылған сайлау бюллетенін фотоға немесе бейнетаспаға түсіруге, сондай-ақ оның суретін таратуға тыйым салынады. Мұндай талап әрбір азаматтың өз таңдауын еркін білдіруін және дауыс беру құпиясын қамтамасыз етуге бағытталған.
Естеріңізге сала кетейік, Құрылтай сайлауы – Қазақстанның жаңа конституциялық моделін қалыптастырудағы маңызды саяси кезең. Бұл күні ел тарихындағы Құрылтайдың депутаттары алғаш рет сайланады. Құрылтай құрамына біртұтас жалпыұлттық сайлау округінің аумағы бойынша партиялық тізімдер негізінде 145 депутат таңдалмақ.
«Abai
University» медиа орталығы