АКАДЕМИК МӘМБЕТ ҚОЙГЕЛДИЕВ – 80 ЖАСТА

Бүгін көрнекті алаштанушы ғалым, тарих ғылымдарының докторы, профессор, ҚР ҰҒА академигі Мәмбет Қойгелдиевтің мерейлі 80 жылдық мерейтойымен ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек арнайы құттықтады. Министрдің ресми құттықтауын тапсырған Абай атындағы ҚазҰПУ Басқарма Төрағасы-Ректор Болат Тілеп, сонымен қатар Алаш қайраткерлері басында тұрған тұңғыш университет ұжымының да атынан жылы лебізін жеткізді.

Биыл отандық тарих ғылымының дамуына өлшеусіз үлес қосқан көрнекті ғалым, тарихтың ақтаңдақтарын аршып, ұлттың коды үшін маңызды рөл атқаратын деректерді жаңғыртқан ірі зерттеуші Мәмбет Құлжабайұлының 80 жылдық мерейтойы. Академик ұзақ жылдар бойы Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің қабырғасында жаңа буын педагог-тарихшыларды қалыптастыруда аянбай еңбек етіп келеді. Ғалымдық биіктікті ұстаздық ұлағатпен ұштастырып, тарихты оқытылатын пән ғана емес, ұлттың рухани жады мен елдік сананың темірқазығы ретінде танытты. 

Ғалымды құттықтаған ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек өз құттықтауында «Сіздің кәсіби жолыңыз – жауапкершіліктің, біліктіліктің жарқын үлгісі. Жоғары іскерлік қасиетіңіз, мол тәжірибеңіз, стратегиялық ойлау қабілетіңіз бен жаңашылдыққа ұмтылысыңыз зор құрмет пен шынайы ризашылыққа лайық» деп жүрекжарды лебізін білдірген.

Министрдің құттықтауын ресми түрде тапсырған Басқарма Төрағасы-Ректоры Болат Анапияұлы өз кезегінде Абай университеті ұжымның атынан да тілек айтып, сый-сияпат жасады. Алдағы күзде мерейтойға байланысты үлкен ғылыми-тәжірбиелік конференция өткізу жоспарда тұрғанын жеткізді.

Академик Мәмбет Қойгелдиев – отандық тарих ғылымы мен жоғары білім беру саласында ұзақ жылдар бойы жемісті еңбек етіп келе жатқан көрнекті ғалым. Еңбек жолында білім беру және ғылыми-зерттеу институттарында, жоғары оқу орындарында басшылық әрі педагогикалық қызметтерді атқарып, ұлттық тарихтың өзекті мәселелерін зерделеуге мол үлес қосты. Ғалым өзінің саналы ғұмырын Алаш қозғалысының тарихын, ұлт-азаттық күрестер мен XX ғасырдағы Қазақстан тарихының ақтаңдақтарын терең зерттеуге арнады. Оның қаламынан туған іргелі ғылыми монографиялар, зерттеу еңбектері мен оқулықтары отандық тарихнаманың алтын қорынан орын алған. Академик бүгінде де Абай атындағы ҚазҰПУ қабырғасында өзінің ғылыми-зерттеу қызметін жалғастырып, болашақ тарихшы ғалымдар мен білікті мамандарды даярлауға өз үлесін қосып келеді.

Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Мәмбет Құлжабайұлын ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ІІ дәрежелі «Барыс» орденімен марапаттап, мемлекеттік награданы Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалды арнайы табыстаған болатын. 


«Abai University» медиа орталығы