21.07.2026
МЕМЛЕКЕТТІК СЫЙЛЫҚ АЛҒАН УНИВЕРСИТЕТ ТҮЛЕКТЕРІ
Абай университеті – ғасырдан астам тарихында ұлттық ғылым мен білімнің, әдебиет пен өнердің өркендеуіне өлшеусіз үлес қосқан көрнекті тұлғаларды тәрбиелеген қара шаңырақ. Университеттің ғылыми-педагогикалық мектебі мен шығармашылық ортасы ел дамуына қызмет еткен көптеген қайраткерлердің қалыптасуына ықпал етті. Солардың қатарында Қазақстан Республикасы, Қазақ КСР және КСРО Мемлекеттік сыйлықтарының лауреаттары атанған ғалымдар, жазушылар, ақындар, педагогтар мен өер майталмандары бар.
Мемлекеттік сыйлық – ғылымдағы жаңашылдықты, әдебиет пен өнердегі шығармашылық ізденісті, қоғамдық маңызы зор еңбекті бағалайтын ең жоғары марапаттардың бірі. Бұл марапатқа ие болған Абай университетінің түлектері мен ұстаздары ұлттық руханияттың дамуына сүбелі үлес қосып, өз саласында өшпес із қалдырды.
Қазақ әдебиетінің көрнекті өкілдері Тахауи Ахтанов, Хамза Есенжанов, Ғафу Қайырбеков, Қалижан Бекқожин, Асқар Сүлейменов, Әкім Тарази, Темірхан Медетбек, Зейнолла Серікқали және әдебиеттанушы Мұхамеджан Қаратаевтың шығармашылық мұрасы ұлттық әдебиеттің алтын қорына енді. Тіл білімі мен әдебиеттану ғылымында Телғожа Жанұзақов, Мекемтас Мырзахметұлы, Сейіт Қасқабасов, Серік Қирабаев, Рабиға Сыздықованың еңбектері ғылыми ойдың дамуына зор серпін берді. Математик-ғалым Орымбек Жәутіков, география ғылымының көрнекті өкілі Әлия Бейсенова мен ғылым, техника және білім беру саласындағы еңбегі жоғары бағаланған Махмұд Қасымбеков те университет мақтанышына айналған тұлғалар.
Ұлттық мәдениет пен өнердің өркендеуіне зор үлес қосқан Шара Жиенқұлова, жазушы әрі аудармашы Герольд Бельгер, кескіндеме өнерінің көрнекті өкілі Толепбай Тоғысбайұлы оқу орнының абыройын асқақтатты. Ал 2024 жылы әдебиет және өнер саласындағы Абай атындағы Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атанған жазушы Мұсәпір Керімбекұлы университеттің шығармашылық дәстүрінің бүгінгі жалғастығын көрсетеді.
Бұл тұлғалардың өмір жолы мен шығармашылық мұрасы Абай университетінің білім мен ғылымдағы көшбасшылық дәстүрінің айқын көрінісі. Олар өз жетістіктері арқылы оқу орнының беделін арттырып қана қоймай, жас ұрпаққа білімге адалдықтың, ғылымға құштарлықтың және елге қызмет етудің жарқын үлгісін көрсетті. Мемлекеттік сыйлық лауреаттарының өнегелі жолы Абай университетінің ұлтқа адал қызмет ететін тұлғаларды тәрбиелеудегі тарихи миссиясының жемісті жүзеге асып келе жатқанын көрсетеді.
«Abai University»
медиа орталығы