АҚПАРАТТЫҚ ТЕХНОЛОГИЯЛАР ЖӘНЕ ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТ ФАКУЛЬТЕТІ АШЫЛДЫ

Абай университетінде цифрлық дәуірдің талаптарына жауап беретін заманауи IT мамандары мен жасанды интеллект тілін меңгерген жаңа буын педагогтерін даярлайтын Ақпараттық технологиялар және жасанды интеллект факультеті ашылды. Бастама еліміздің орта білім беру жүйесіне ЖИ-ді енгізу бойынша биыл қыркүйекте басталатын мемлекеттік пилоттық жобамен тікелей байланысты. Жаңа факультет мектептердегі заманауи технологияларға деген зор сұранысты сапалы кадрлармен қамтамасыз ететін басты орталыққа айналады.


Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың цифрландыру мен жасанды интеллектті дамыту жөніндегі тапсырмасы аясында іске қосылатын мектептердегі пилоттық жоба іске асырылып жатыр. Алғашқы кезеңде Қызылорда және Павлодар облыстарының 10 мектебін қамтыса, одан кейін 50-ге, 2027 жылы қосымша 300 мектепке дейін кезең-кезеңімен кеңейтіледі. Мектептерге жасанды интеллект жүйелерін енгізу тек оқу бағдарламаларын жаңартумен шектелмей, осы технологиялармен жұмыс істей алатын мамандарды шұғыл даярлауды талап етеді. Абай университеті бұл стратегиялық міндетті жүзеге асыруда пилоттық мектептерді инновациялық кадрлармен қамтамасыз етуді көздеп отыр.


Жаңа факультет талапкерлерді «Жасанды интеллект және ақпараттық технологиялар» және «Информатика мұғалімдерін даярлау» білім беру бағдарламалары бойынша оқуға қабылдайды. Студенттер бағдарламалау, машиналық оқыту, робототехника, киберқауіпсіздік, деректерді талдау және заттар интернеті (IoT) сияқты ең өзекті бағыттарды кешенді түрде меңгереді. Аталған бағдарламалар түлектердің теориямен қатар жасанды интеллект құралдарын тәжірибеде тиімді қолдануына жағдай жасайды.


Жаңа мамандықтарға түсуді жоспарлаған талапкерлер ҰБТ-да математика мен информатика пәндерін таңдауы қажет. Ал оқуға түсудің шекті балы – 75 ұпай. Бұл бағытта білім алған жас мамандар ертеңгі цифрлық Қазақстанның іргетасын қалауға және отандық білім беру жүйесін жаңа деңгейге көтеруге тікелей үлес қосады. Ұлттық бірыңғай тестілеуден 75 баллдан жоғары жинаған талапкерлер мемлекеттік грант конкурсына қатысу мүмкіндігіне ие. Конкурстық таңдау кезеңінде Абай атындағы ҚазҰПУ таңдау коды 007 екенін және білім беру бағдарламасын көрсетуі қажет.


Талапкерлер 13-20 шілде аралығында грант конкурсына қатысу арқылы бақ сынап, 25 тамызға дейін Абай университетінің ақылы бөліміне де оқуға қабылданады. Қабылдау комиссиясы екі мегаполисте жұмыс істейді. Елордамыз Астана қаласында Ұшқыштар 8/1 мекенжайы бойынша, ал Алматы қаласында Қазыбек би, 30 мекенжайында үміткерлер қабылданады.

 

«Abai University» медиа орталығы