УНИВЕРСИТЕТ ТҮЛЕГІ ДАЙЫНДАҒАН КОМАНДА ӘЛЕМДІК ДОДАДА ТОП ЖАРДЫ

Қазақстандық білім беру саласының халықаралық деңгейдегі жетістігі тағы бір жарқын жеңіспен толықты. Гонконгта өткен беделді FIRST LEGO League (FLL) INNOFest халықаралық чемпионатында қазақстандық Future Axions 218 командасы Invitational санатында 2nd Runner-Up жүлдесін жеңіп алды. Аталмыш құраманың менторы, Абай университетінің түлегі – Бақкелді Қарағол.

Жаһандық чемпионатқа әлемнің 30-дан астам елінінен 120 үздік команда, 900-ден астам оқушы қатысты. Дүниежүзінің түкпір-түкпірінен жиналған үздік командалар білім беру және робототехника бағытында сынға түсті. Нәтижесінде Алматы қаласынан қатысқан екі команда жүлделі орындарға ие болды. Оның бірі «Future Axions 218»  құрамасы Invitational санатында 2nd Runner-Up нәтижесін көрсетіп, екінші орынды қанжығасына байлады.

Команда №218 келешек мектебінің оқушылары Ринат Заманбек пен Іңкәр Қалиасқар, сондай-ақ №24 лицейдің оқушылары Медина Тұрсын мен Әдия Тұрсынбек өнер көрсетті. Ал, команданың тәлімгері – Қарағол Бақкелді. Бұл додада қол жеткізген нәтиже оқушылардың сапалы дайындығынан бөлек, оларды халықаралық деңгейдегі жарысқа дайындаған педагогтің кәсіби біліктілігін де айқын көрсетті.

Жеңімпаз команданың тәлімгері Бақкелді Бегжанұлы биыл Абай университетінде дүниежүзілік банк жобасы аясында жүзеге асырылған «7M01509 – Цифрлық педагогика» білім беру бағдарламасы бойынша магистр дәрежесін алған. Магистрлік диссертациясын Информатика және білімді ақпараттандыру кафедрасында педагогика ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор Нұржамал Ошанованың ғылыми жетекшілігімен сәтті қорғаған. Зерттеу жұмысы мемлекеттік аттестаттау комиссиясының жоғары бағасын алған болатын.

Қазіргі уақытта Бақкелді Қарағол Алматы қаласындағы №218 «Келешек» мектебінде цифрлық білім беру жөніндегі директордың орынбасары қызметін атқарады. Ол білім беру үдерісіне заманауи цифрлық технологияларды енгізіп, оқушылардың инженерлік ойлауын, бағдарламалау және робототехника бағытындағы құзыреттерін дамытуға жүйелі түрде атсалысып келеді.

Future Axions 218 командасының халықаралық жарыстағы нәтижесі жетекшінің білім беру саласындағы тәжірибесі мен робототехника бағытын дамытуға қосқан үлесін көрсетеді. Оның жетекшілігімен оқушылар инженерлік жобалау, бағдарламалау және командалық жұмыс бағыттарында тәжірибе жинап, әлемдік деңгейдегі бәсекеде өз мүмкіндіктерін таныта алды.

«Abai University» медиа орталығы