13.07.2026
ШЕТЕЛ АЗАМАТТАРЫ МЕН ҚАНДАСТАРДЫ ОҚУҒА ҚАБЫЛДАУ
Жаһандану үдерісі күшейген заманда білімге ұмтылған жастар үшін қашықтық кедергі бола алмайды. Сапалы білім үшін шекара асып, өзге елге баратын жастар қатары көбейіп келеді. Бұл ретте Қазақстан мен Орталық Азиядағы үздік педагогикалық оқу орны – Абай университеті шетел азаматтары мен қандастарға айқара есік ашады. Халықаралық талаптарға сай жасақталған білім беру бағдарламалары, академиялық мүмкіндіктер – шетелдік жастардың жоғары білім алуына қолайлы жағдай жасайды.
Қазіргі таңда Абай университетінде 2 мыңнан астам шетелдік студент оқиды. Олардың қатарында Түрікменстан, Қытай және Өзбекстан азаматтарының саны басым. Сонымен қатар Моңғолия, Оңтүстік Корея, Түркия, Украина, Франция және АҚШ-тан келген білім алушылар да бар. Бакалавриатта 1829, магистратурада 78, докторантурада 24, Foundation факультетінде 112 студент білім беру бағдарламалары бойынша оқып жатыр.
2026-2027 оқу жылына студенттерді қабылдау бойынша университет шетел азаматтары мен қандастар үшін бірнеше бағытта құжаттарды қабылдайды. Бірінші бағыт – шетелдік талапкерлерді сұхбаттасу нәтижесі негізінде ақылы бөлімге қабылдау жүргізіледі. Құжаттарды 20 маусым мен 25 тамыз аралығында тапсыруы тиіс.
Талапкерлер төмендегі құжаттарды ұсынады:
- Университет ректорының атына өтініш;
- Білімі туралы құжат және қосымшасы;
- Жеке басын куәландыратын құжат;
- 3×4 көлеміндегі 6 фотосурет;
- 075/у нысанындағы медициналық анықтама;
- АИТВ (ЖИТС) инфекциясының жоқтығы туралы анықтама;
- Қажет болған жағдайда шығармашылық немесе арнайы емтихан нәтижелері;
- Шетел тіліндегі құжаттардың нотариалды куәландырылған аудармасы;
- Әрбір шетелдік азаматтың банктік шотында бір жылдық оқу ақысы мен Қазақстан Республикасында тұруға (жүріп-тұру және өзге де өмір сүру) арналған шығындарды жабуға жеткілікті қаражаттың бар екенін растайтын банктік шоттан үзінді көшірме (банк үзіндісі).
Екінші бағыт – қандас талапкерлерге мемлекеттік грант конкурсына қатысу мүмкіндігі. ҰБТ нәтижесі бар үміткерлер (ең төменгі шегі – 1 балл) 13–20 шілде аралығында грант конкурсына қатысып бақ сынайды.
Қажетті құжаттар қатарында:
- Жеке куәлік немесе төлқұжат көшірмесі;
- ҰБТ сертификаты;
- Қандас мәртебесін растайтын құжат;
- Аттестат немесе диплом көшірмесі.
Сонымен қатар қандастар үшін ақылы бөлімге құжат қабылдау да 20 маусым мен 25 тамыз аралығында жүзеге асырылып, іріктеу сұхбат арқылы жүргізіледі.
Жоғары білімге дейінгі дайындықты күшейтуді көздейтін талапкерлер үшін Foundation факультеті жұмыс істейді. Мұнда қазақ, орыс және ағылшын тілдері оқытылып, таңдаған мамандыққа сәйкес пәндер тереңдетіле меңгеріледі. Оқу аяқталған соң шәкірттерге арнайы сертификат табысталып, әрі қарай бакалавриат деңгейінде білімін жалғастыруға мүмкіндік беріледі. Құжат қабылдау 1 шілде мен 25 тамыз аралығында өтеді.
Foundation факультетіне ұсынылатын құжаттар:
- Паспорт;
- Аттестаттың түпнұсқасы;
- Бағалар көрсетілген қосымша;
- 075 медициналық анықтама;
- ЖИТС бойынша анықтама;
- 3×4 фотосурет.
Қосымша мәлімет алу үшін қабылдау комиссиясына хабарласуға болады:
Мекенжайы: Алматы қаласы, Қазыбек би көшесі, 30.
Байланыс телефондары: +7 700 390 60 04, +7 (727) 390 60 04
Foundation факультеті бойынша: +7 (700) 373 91 80, +7 (778) 908 33 03, +7 (705) 323 02 14.
«Abai University» медиа орталығы