13.07.2026
ГРАНТ КОНКУРСЫНА ҚАТЫСУҒА ӨТІНІШ ҚАБЫЛДАУ БАСТАЛДЫ
Бүгіннен бастап жоғары оқу
орындарына мемлекеттік білім беру грант конкурсына құжаттар қабылдау науқаны басталды.
Үміткерлердің өтінімдері 13-20 шілде аралығында қабылданады. Аталған мерзім
ішінде талапкерлер мамандық бағыттарын таңдап, тегін оқу мүмкіндігін иелену
үшін бақ сынайды. Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті де
болашақ студенттерге бағыт-бағдар нұсқап, тіркеу амалдарының жүру барысын
егжей-тегжейлі түсіндіруде.
Бюджеттік негізде білім алу
құқығы ҰБТ қорытындысы көрсеткіштері негізінде анықталады. Талапкер мамандық
пен жоғары оқу орнын таңдауда білім беру бағдарламасының мазмұнына, болашақ
кәсіптің сұранысына, жеке қабілет пен қызығушылыққа басымдық берген жөн.
Конкурстық іріктеуге қатысу үшін талапкерлер
төмендегі құжаттар тізімін өткізуі тиіс:
Жеке басын куәландыратын құжат (көшірмесімен);
Ұлттық бірыңғай тестілеу сертификаты;
Жалпы орта, техникалық және кәсіптік немесе орта білімнен кейінгі білімді
растайтын дипломның/аттестаттың түпнұсқасы;
Педагогикалық мамандықтарға арналған арнайы педагогикалық тестілеу
сертификаты;
Жеңілдетілген санаттар бойынша (көп балалы отбасы, ата-анасының
қамқорлығынсыз қалған балалар, ерекше қажеттілігі бар жандар, т.б.) конкурсқа
қатысу үшін растайтын құжаттар (болған жағдайда).
Құжат қабылдау барысында
университеттің қабылдау комиссиясы талапкерлер мен олардың ата-аналарына
жан-жақты кеңес береді. Мамандар грант тағайындау тәртібін түсіндіріп, білім
беру бағдарламалары жөнінде, өтінішті рәсімдеуге қатысты сауалдарға жауап
береді.
Осы орайда, шетелде тұратын
отандастар (қандастар) мен шетел азаматтары үшін де бірқатар мүмкіндіктер
қарастырылған. Мәселен, қандастар ҰБТ нәтижесімен (кемінде 1 балл жинаса да)
мемлекеттік грант бәйгесіне қатыса алады. Ал ақылы негізде дәріс алғысы келетін
шетелдіктер үшін қабылдау 25 тамызға дейін созылып, емтихан сұхбаттасу нәтижесі
бойынша жүргізілмек. Тілдік дайындықтан өтетін үміткерлер үшін Foundation
факультеті де есігін айқара ашады.
Мемлекеттік грант конкурсына
өтінім беру үшін алғашқылардың бірі болып талапкер Ернұр Нұрпейіс университеттің
қабылдау комиссиясына құжаттарын өткізді. Ол Абай университетінің ғылыми
әлеуеті мен кең мүмкіндіктеріне қызығушылық танытып, қара шаңырақтың студенті
болуды көздейтінін жеткізді.
– Абай университеті – шетелдік
жоғары оқу орындарымен тығыз байланыс орнатқан білім ордасы. Сонымен қатар
мұнда дәріс беретін оқытушылар – өз саласының білікті, танымал ғалымдары. Осы
себепті таңдауым Абай университетіне түсті, – дейді талапкер.
Абай университеті білім көгіне
қанат қаққан әрбір жастың қарым-қабілетіне сенім мен қолдау көрсетеді.
Келешекке бастар жол – бүгінгі таңдаудан басталады.
«Abai University»
медиа орталығы