АСТАНА ӘКІМДІГІ АБАЙ УНИВЕРСИТЕТІНЕ АРНАЙЫ 108 БІЛІМ ГРАНТЫН БӨЛДІ

Астана қаласының әкімдігі 2026-2027 оқу жылына Абай университетіне 108 білім грантын бөлді. Жергілікті бюджет есебінен қаржыландырылатын бұл гранттар елорданың білім беру ұйымдарына қажетті кадрларды даярлауға бағытталған.

Жаңа бастама аясында педагогикалық және ақпараттық технологиялар бағыттары бойынша мамандар білім алады. Аталған бастама білім беру жүйесінің кадрлық әлеуетін арттыруға және болашақ мамандарды даярлау сапасын жақсартуға ықпал етеді. Әкімдік грантына Қазақстанның барлық өңірлерінен талапкерлер қатыса алады. Байқауға қатысу үшін Ұлттық бірыңғай тестілеу нәтижесі бойынша кемінде 75 балл жинау қажет. Үміткерлер білім беру бағдарламалары бойынша конкурстық негізде іріктеледі.

Гранттардың басым бөлігі мектепке дейінгі тәрбие мен бастауыш білім беру педагогтарын, сондай-ақ математика, физика, информатика пәндері мұғалімдерін, арнайы педагогттарды және IT саласының мамандарын даярлауға бөлінген. Бұл мамандар елорданың білім беру ұйымдары үшін аса қажет бағыттардың бірі болып отыр.

Атап айтқанда, білім беру бағдарламалары бойынша: 

·         6В01204 – Мектепке дейінгі білім беру (IP) – 60 грант;

·         6В01308 – Бастауыш білім беру (IP) – 10 грант;

·         6В01507 – Информатика (IP) – 5 грант;

·         6В01501 – Математика (IP) – 5 грант;

·         6В01504 – Физика (IP) – 5 грант;

·         6В019 – Арнайы педагогика бағыты бойынша: дефектолог – 10 грант, тифлопедагог – 5 грант, сурдопедагог – 3 грант;

·         6В06102 – Ақпараттық жүйелер және жасанды интеллект – 5 грант қарастырылған.

Конкурс барысында талапкерлердің ҰБТ нәтижелері, оқу жетістіктері және қосымша жетістіктері ескеріледі. Ұпайлары тең болған жағдайда «Алтын белгі» иегерлеріне, республикалық және халықаралық олимпиадалар мен ғылыми жарыс жеңімпаздарына, волонтерлік қызметпен айналысқан жастарға, түрлі медаль иегерлеріне және аттестаттың орташа балы жоғары талапкерлерге басымдық беріледі. Сонымен қатар қолданыстағы заңнамаға сәйкес, әлеуметтік осал санаттағы азаматтар үшін арнайы квоталар қарастырылған.

Құжат қабылдау мемлекеттік білім гранттарының нәтижелері жарияланғаннан кейін басталады. Өтініштер тамыз айында қабылданып, нақты мерзімдер Абай университетінің қабылдау комиссиясы тарапынан қосымша хабарланады.

Әкімдік грантының басты ерекшелігі – оқуын аяқтаған түлек Астана қаласында өз мамандығы бойынша кемінде 3 жыл еңбек етуге міндетті. Бұл талап талапкер, университет және Астана қаласының Білім басқармасы арасында жасалатын үшжақты келісім арқылы бекітіледі.

Грант иегерлері мемлекеттік білім гранты иегерлерімен тең әлеуметтік қолдауға ие болады. Олар тегін білім алып, оқу кезеңінде шәкіртақымен қамтамасыз етіледі. Келісімшарт талаптары орындалмаған жағдайда, заңнамаға сәйкес бюджет қаражатын қайтару міндеттеледі. Білім алушылар Абай университетінің Астана қаласы, Ұшқыштар көшесі, 8/1 мекенжайында орналасқан оқу ғимаратында оқиды.

Құрметті талапкер, Астанада арнайы грантпен оқығың келсе бізге кел!

«Abai University» медиа орталығы