АБАЙ УНИВЕРСИТЕТІНДЕ ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ ЕМТИХАНДАР БАСТАЛДЫ

Абай университетінде 2026-2027 оқу жылына талапкерлерді қабылдау аясындағы шығармашылық емтихандар басталды. Оқу орнында шығармашылық емтихан арқылы оқуға қабылдайтын 10 білім беру бағдарламаларының тобы жүзеге асырылады. Өнер, спорт және дінтану бағытында үміткерлер шығармашылық және кәсіби қабілеттерін сынап жатыр.

Республика бойынша 20 маусым – 7 шілде аралығында жоғары оқу орындары шығармашылық емтихан тапсыратын талапкерлерді қабылдау жүргізілде. Ал 8-13 шілде күндері екі шығармашылық емтихан өткізіліп, 13-20 шілде аралығында мемлекеттік грант конкурсына қатысуға өтініш беріледі. Соған сәйкес, бүгін Абай университетінде білім алуға үміткерлер алғашқы шығармашылық емтиханды тапсырды.

Өнер факультетінің білім беру бағдарламалары бойынша шығармашылық емтиханға 380-ге жуық талапкер тіркелген. Олар музыка мұғалімдерін даярлау, көркем еңбек және сызу мұғалімдерін даярлау, хореография, аудиовизуалды құрылғылар және медиа өндіріс, бейнелеу өнері, сән-дизайн, мәдени тынығу бағыттарын таңдаған. Алғашқы емтихан үміткерлердің шығармашылық шеберлігі мен әлеуетін сынға салады.

Шығармашылық емтиханның өту барысын сыртқы комиссия мүшелері бақылап отыр. Солардың бірі – Халықаралық білім беру корпорациясының «ЮНЕСКО» кафедрасының доценті Сәрсенғали Бекешов емтихандардың талапқа сай әрі жүйелі ұйымдастырылғанын айтты.

Шығармашылық емтихан бір қалыпты, жүйелі өтіп жатыр. Барлық талапкерлерге емтихан талаптары алдын ала түсіндірілді. Емтиханның әділ әрі ашық өтуіне ерекше көңіл бөлініп отыр, – деді сарапшы.

Сонымен қатар Дене шынықтыру және алғашқы әскери дайындық факультетіне білім алуға 330 талапкер өтініш жолдаған. Бірінші шығармашылық емтиханда үміткерлер спорт түрлері бойынша шеберліктерін дәлелдесе, екінші кезеңде жалпы дене дайындығы бойынша нормативтерді орындайды. Аталған факультет талапкерлерінің арасында 7 спорт шебері, сондай-ақ 15 «Алтын белгі» мен үздік аттестат иегері бар.

Айта кетейік, университетте аталған бағыттардан бөлек, дінтану және теология білім беру бағдарламасына да шығармашылық емтихан өтеді. Бұл мамандықты таңдағандары саны – 60 адам. Олар бүгін сұхбаттасу кезеңі бойынша білімі мен біліктілігін сынады. Ал, екінші кезеңде ауызша емтиханға қатысып, арнайы дайындалған сауалдарға жауап береді.

Жалпы алғанда шығармашылық емтиханның нәтижесі 50 баллмен бағаланып, ортақ 100-ге дейінгі балл қойылады. Емтихандардың ашықтығы мен объективтілігін қамтамасыз ету үшін сыртқы комиссия құрамына тәжірибелі мамандармен қатар университет түлектері мен жалпы білім беретін мектеп директорлары тартылған.

«Abai University» медиа орталығы