25.06.2026
Абай университетінің қауымдастырылған профессоры Гулжайна Касымова Индонезияда халықаралық дәрістер өткізді
2026 жылғы 22–24 маусым аралығында Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің қауымдастырылған профессоры, PhD Гулжайна Куралбаевна Касымова Индонезияның Universitas Pendidikan Ganesha (Undiksha) университетінде өткен International Lecture Mobility Inbound 2026 халықаралық академиялық ұтқырлық бағдарламасы аясында қонақ дәріскер (Guest Lecturer) ретінде дәрістер оқыды.
Халықаралық бағдарлама Қазақстан мен Индонезия арасындағы жоғары білім беру саласындағы ынтымақтастықты дамытуға бағытталып, Біріккен Ұлттар Ұйымының Тұрақты даму мақсаттарын, атап айтқанда 4-мақсат – «Сапалы білім», 9-мақсат – «Индустрия, инновациялар және инфрақұрылым», 10-мақсат – «Теңсіздікті азайту» және 17-мақсат – «Тұрақты даму үшін әріптестік» іске асыруға өз үлесін қосты. Бағдарламаның алғашқы күні университеттің профессор-оқытушылар құрамы мен студенттеріне арналған «Modern Evaluation and Assessment in the New Education Era with AI» («Жасанды интеллект дәуіріндегі білім берудегі заманауи бағалау және бағалау жүйелері») тақырыбында ашық дәріс өткізілді. Дәріс барысында білім беру жүйесіндегі жасанды интеллект технологияларын қолданудың заманауи үрдістері, дербестендірілген оқыту (Personalized Learning), нақты уақыттағы оқу аналитикасы (Learning Analytics), автоматтандырылған кері байланыс және бағалау сауаттылығын (Assessment Literacy) дамыту мәселелері кеңінен қарастырылды. Сонымен қатар білім беру сапасын арттырудағы «Assessment drives learning» қағидатының маңыздылығы атап өтіліп, заманауи педагогтердің сапалы бағалау құралдарын әзірлеу, бағалау критерийлері мен рубрикаларын құрастыру және тест тапсырмаларын ғылыми негізде әзірлеу құзыреттерінің өзектілігі көрсетілді. Дәріс барысында адам мен жасанды интеллекттің тиімді серіктестігі мәселесіне ерекше назар аударылды. Жасанды интеллект бағалау тапсырмаларын дайындауды және жедел кері байланыс ұсынуды жеңілдеткенімен, әділдік, академиялық адалдық, кәсіби жауапкершілік және этикалық шешімдер қабылдау педагогтің құзырында қалуы тиіс екендігі атап өтілді.
Бағдарламаның екінші күні Информатика пәнін оқыту әдістемесі білім беру бағдарламасының оқытушыларымен бірлескен сабақтар (Joint Teaching) өткізілді. Assessment and Evaluation Informatics Learning пәні аясында инклюзивті бағалау, технологияға негізделген бағалау, бейімделген тестілеу (Adaptive Testing) және ерекше білім беру қажеттіліктері бар білім алушыларға арналған тестілік бейімдеулер мәселелері талқыланды. Сонымен қатар Methodic and Didactic Informatics Learning пәні бойынша өткізілген екінші бірлескен сабақта компьютерлік тестілеудің (Computer-Based Testing) инновациялық форматтары қарастырылды. Студенттер интерактивті симуляциялар, drag-and-drop, hotspot, сұрыптау тапсырмалары және цифрлық портфолио сияқты заманауи бағалау құралдарымен танысты. Бұл тәсілдердің жоғары деңгейдегі ойлау дағдыларын дамытудағы артықшылықтары көрсетілді.
Бағдарламаның қорытынды күні ғылыми семинар, зерттеу нәтижелерімен алмасу және студенттердің дипломдық жұмыстарына консультациялар ұйымдастырылды. Семинар барысында халықаралық TIMSS және PIRLS зерттеулеріндегі бағалау тәсілдері, сондай-ақ олардың Knowing (Білу), Applying (Қолдану) және Reasoning (Ой қорыту) когнитивтік домендері таныстырылды. Сонымен қатар жасанды интеллектті білім беру жүйесіне енгізудің өзекті мәселелері жан-жақты талқыланды. Атап айтқанда, академиялық адалдық, плагиаттың алдын алу, алгоритмдік бұрмалаулар (algorithmic bias), білім алушылардың деректерінің құпиялығы, жасанды интеллекттің қате ақпарат (hallucination) қалыптастыру қаупі және студенттердің сыни ойлау қабілетін сақтаудың маңыздылығы сөз болды.
International Lecture Mobility Inbound 2026 бағдарламасы Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті мен Universitas Pendidikan Ganesha арасындағы халықаралық ынтымақтастықты нығайтып, академиялық ұтқырлықты, бірлескен ғылыми зерттеулерді және инновациялық білім беру тәжірибесін дамытуға жаңа мүмкіндіктер ашты. Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті халықаралық академиялық әріптестікті кеңейту бағытындағы жұмысын жалғастыра отырып, білім беру сапасын арттыруға, ғылыми зерттеулерді дамытуға және жаһандық білім беру кеңістігіне ықпалдасуға үлес қоса береді.
https://pti.undiksha.ac.id/kuliah-umum-international-lecture-mobility-inbound-2026/