07.07.2026
ЖОҒАРЫ БІЛІМ МЕН ӘСКЕРИ ШЕНГЕ ҚАТАР ҚОЛ ЖЕТКІЗ!
Ел болашағы жоғары білімді, көзі ашық, көкірегі ояу
ұрпақтың қолында. Білімнің шынайы нәтижесі асқақ рухпен, ішкі тәртіппен және
жауапкершілікпен ұштасқанда ғана көрінеді. Өскелең ұрпақтың бойына патриоттық қасиетті
дарытып, жан-жақты азамат ретінде қалыптастыратын мектеп – әскери кафедра. Абай
университетінің әскери кафедрасы – студенттерге жоғары кәсіби тәжірибемен
қатар, әскери істің қыр-сырын үйрететін құрылым.
Оқу орнының әскери кафедрасы Қазақстан Республикасы
Үкіметінің 1997 жылғы арнайы қаулысына сәйкес құрылған. Бүгінде курсанттар
запастағы офицерлер мен сержанттарды даярлау бағдарламалары бойынша дәріс
алады. Мұнда оқытылатын әскери-есептік мамандықтар ауқымы кең әрі заман
талабына сай. Оқу бағдарламасында әскери ұжымдағы әлеуметтік және идеологиялық
жұмыстарды ұйымдастыру, әскери психология негіздері, құқықтық сауаттылық,
барлау ісін жүргізу және жалпы әскери бөлімшелерді басқару бағыттары қамтылған.
Студенттердің әскери даярлығы запастағы офицерлерді
даярлау бағдарламасы бойынша 5 әскери-есептік мамандығы бойынша жүргізіледі:
1. Әскери ұжымдағы әлеуметтік және идеологиялық жұмыс;
2. Әскери ұжымның психологиясы;
3. Әскери істегі юриспруденция;
4. Әскери істе барлауды ұйымдастыру және жүргізу;
5. Жалпыәскери бөлімшелерді басқару.
Ал запастағы
сержанттарды даярлау бағдарламасы бойынша 3 әскери-есептік мамандығы бойынша
жүргізіледі:
1. Кіші буынның мотоатқыш бөлімшелерін басқару;
2. Жаяу әскер жауынгерлік машинасы мен броньды
транпортер мамандықтары;
3. Әскери ұжымдағы әлеуметтік және идеологиялық жұмыс.
Кафедрадағы оқу үдерісі теориялық негіздерді
тәжірибемен ұштастыруға негізделген. Студенттер әскери ғылым қағидаларын
меңгерумен қатар, далалық оқу-жаттығуларға қатысып, дене дайындығын
жетілдіреді, төзімділік пен батылдықты шыңдайды. Мұндағы тәрбие әрбір минутты
тиімді пайдалануға, тәртіпті қатаң сақтауға және кез келген жағдайда жедел әрі
дұрыс шешім қабылдай білуге баулиды.
Әскери кафедраға студенттерді қабылдау 4 кезеңнен
тұрады. Ең алдымен, үміткер алдымен медициналық тексеруден өтіп, денсаулық
жағдайын растайды. Одан кейін психологиялық іріктеуден өтіп, дене даярлығы
бойынша белгіленген нормативтерді тапсырады. Соған сәйкес үміткерлердің
рейтингтік көрсеткіштері сарапталады. Бұл талаптар – студенттің әскери
қызметтің жауапкершілігі мен жүктемесіне дайын екенін анықтауға бағытталған
маңызды іріктеу кезеңдері.
Бүгінгі күнге дейін әскери кафедрадан 6400-ден астам
запастағы офицер мен 1900-ден астам запастағы сержант түлеп ұшты. Олар
еліміздің әр өңірінде түрлі салада абыройлы еңбек етіп, мемлекетіміздің дамуына
өз үлестерін қосып жүр. Қазіргі таңда да жүздеген шәкірт әскери ілім алып,
болашақта ел қауіпсіздігі мен қорғаныс қабілетін нығайту жолында қызмет етуге
дайындалуда.
Оқуын сәтті аяқтаған түлектерге «запастағы лейтенант»
және «запастағы сержант» әскери шендері беріледі. Әскери кафедрадан тәлім алған
әрбір жас елін сүйетін, патриоттық сезімі жоғары, тәртіпке берік әрі жан-жақты
қалыптасқан азамат ретінде ел болашағына қызмет етуге қадам басады.
«Abai University» медиа орталығы