04.07.2026
2026 ЖЫЛ ТҮЛЕКТЕРІНЕ ДИПЛОМ ТАПСЫРУ САЛТАНАТЫ ҚОРЫТЫНДЫЛАНДЫ
Абай университетінде 2026 жылдың бітіруші түлектеріне диплом табыстау салтанаты өз мәресіне жетті. Бүгін Педагогика және психология факультетінің 486 түлегіне жоғары білімді куәландыратын құжаттары табыстауға арналған салтанатты жиын өтті. Іс-шараға Абай атындағы ҚазҰПУ басшылығы қатысып, жас мамандарға сәттілік тіледі.
Биыл қасиетті шаңырақты жалпы саны 4 мыңнан аса студент оқуын аяқтап, үлкен өмірге жолдама алды. Естеріңізге сала кетейік, әрбір факультеттің бакалавриат және магистратура бөлімінің түлектеріне диплом табыстау рәсімі 26 маусымнан басталған болатын. Айтулы іс-шаралар легі бүгін Педагогика және психология факультетінің 500-ге жуық бітірушілеріне маңызды құжат табысталуымен қорытыланды. Оның ішінде 341 – бакалавр, 145 – ғылым магистрі білім беру бағдарламаларын табысты меңгерді. Сондай-ақ 159 түлек – үздік диплом иегері атанды.
Мерекелік жиынның шымылдығы ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің арнайы онлайн құттықтауымен ашылды. Министр өз сөзінде «Жоғары білім туралы диплом оқу кезеңінің аяқталғанын растайтын құжат қана емес, үздіксіз ізденіс пен кәсіби жауапкершіліктің, өмір бойғы білім мен біліктілікті жетілдіруге бастайтын жаңа кезеңнің бастауы» екенін атап өтті. Сонымен қатар жас мамандарды алған білімдері мен кәсіби әлеуетін ел игілігіне, отандық ғылым мен білім беру жүйесінің өркендеуіне жұмсауға шақырды.
Абай университетінің қара шаңырағында қанат қаққан жас түлектерге университеттің Басқарма Төрағасы-Ректор Болат Тілеп те ақжарма тілегін арнап, үлкен өмірге сәтті жол тіледі. Ол университет қабырғасында алған сапалы білім мен тағылымды тәрбиенің қай ортада да жас мамандарға бағыт-бағдар болатын өмірлік темірқазық екенін жеткізді.
Салтанатты жиында Академиялық қызмет жөніндегі проректор Нарбекова Бану Мұқатайқызы факультеттің үздіктеріне диплом табыстап, үлкен өмірге қадам басқан жастарға ризашылық білдірді. Сонымен қатар, диплом иегерлеріне ұлы ойшыл, хәкім Абай Құнанбайұлының «Қара сөздері» кітабын тарту етті. Басқарма Төрағасы-Ректор Болат Анапияұлының бастамасымен қолға алынған бұл игі дәстүрдің жүзеге асқанына биыл – үшінші жыл. Ұлы Абайдың есімін иеленген университеттің әрбір түлегі үшін аталған кітап өмірлік шамшырақ болары анық.
Айта кетейік, Педагогика және психология факультетінің тарихы оқу орны қабырғасы қаланған кезеңнен бастау алады. Сонау 1928 жылы «Педагогика» кафедрасы болып алғаш құрылып, отандық білім беру ісін дамытуға өлшеусіз үлес қосып келеді. Содан бері мыңдаған білікті кадрды даярлап, жаңа буын шәкірттерін тәрбиелейтін ұстаздар қауымын қалыптастырды. Қазіргі таңда факультетте «Педагогика және психология» «Мектепке дейінгі оқыту және тәрбиелеу», «Бастауышта оқытудың педагогикасы мен әдістемесі», «Әлеуметтік педагогтарды даярлау», «Арнайы педагогика» және «Психология» білім беру бағдарламалырының топтары оқытылады.
«Abai University» медиа орталығы