03.07.2026
ФИЛОЛОГИЯ ФАКУЛЬТЕТІНІҢ ТҮЛЕКТЕРІНЕ ДИПЛОМ ТАБЫСТАЛДЫ
Биыл Абай университетінде төрт
мыңнан астам жас түлек оқуын аяқтап, жоғары білімді маман атанады. Соның ішінде
Филология факультетінен 416 бакалавр мен 45 магистр үлкен өмірге қадам баспақ.
Олардың 194-і үздік дипломға иегері болса, бірқатар шәкірттер қосдипломды
білім беру бағдарламасын сәтті игерген. Бүгін аталмыш факультет түлектеріне
жоғары білімді куәландыратын диплом табысталып, қара шаңырақтан қанат қақты.
Диплом табыстау салтанаты ҚР
Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек пен университет Басқарма
Төрағасы-Ректоры Болат Тілеп бейнеқұттықтау сөзімен ашылды. Бейнеқұттықтауда
мамандардың елдің зияткерлік әлеуетін арттырудағы рөлі, кәсіби біліктілік пен
жауапкершіліктің егіз ұғым екені айтылды. Сондай-ақ жас буынның алған ілімін ел
игілігіне жұмсауы – маңызды міндет екені түсіндірілді.
Іс-шара барысында университеттің
Зерттеу ісі жөніндегі проректоры Ертай Сұлтан бітірушілерге сәттілік тілеп,
дипломдарды салтанатты түрде табыс етті.
– Тұрақты ізденіс қана білімді
құндылыққа айналдырады. Бүгінгі күн –ел болашағы үшін атқарылатын үлкен
істердің, жаңа кәсіби жауапкершіліктің алғашқы баспалдағы. Жаңа дәуірдің
келбетін тек сапалы ілім мен озық тәжірибені қатар ұстаған жасампаз буын ғана
қалыптастырады. Қадамдарыңыз құтты болсын, – деді проректор.
Сонымен қатар университеттің қоғамдық
жұмыстарына белсене араласқан бірқатар жастар Басқарма Төрағасы-Ректордың алғыс
хаттарымен марапатталды. Ал әскери кафедраның бағдарламасын толық тәмамдаған
түлектерге «запастағы лейтенант» әскери шені берілді.
Айта кетейік, биылғы маусымдағы
бітірушілер өндірістік практика мен дуальді жүйенің арқасында кәсіби ортаға
бейімделіп үлгерген. Солардың бірі Орыс тілі мен әдебиеті кафедрасының түлегі –
Наргиза Қуанышбаева алған білімінің нәтижесі мен алдағы жоспары туралы пікірін
білдірді.
– Университет қабырғасында өткен
әрбір сабақ пен практика бізді кәсіби тұрғыдан тез есейтті. Мұнда жинаған
базаны әрі қарай тереңдету маңызды деп есептеймін. Сондықтан білім жолымды
үзбей, оқуымды дәл осы қара шаңырақта, магистратура бағдарламасы бойынша
жалғастыруды шештім. Бізге дұрыс бағыт көрсетіп, білімін аямаған оқытушылар
құрамына айтар алғысым шексіз, – деп ұстаздарға
алғысын айтты.
Филология факультетінің тағы бір
толқын жастары үлкен өмірге қанат қақты. Ұлттық педагогика, тіл-әдебиет ғылымын
меңгерген жас мамандар енді еліміздің түкпір-түкпірінде еңбек етіп, қоғамның
дамуына өз үлесін қоспақ. Ұстаздық еткен жалықпас – үйретуден балаға!
«Abai University»
медиа орталығы