ҒЫЛЫМИ КЕҢЕСТЕ МАҢЫЗДЫ ШЕШІМДЕР ҚАБЫЛДАНДЫ

Абай университетінде Ғылыми кеңестің кезекті мәжілісі өтіп, білім беру сапасын арттыру, жасанды интеллектіні оқу үдерісіне енгізу, халықаралық ынтымақтастықты кеңейту және тұрақты даму бағытындағы маңызды мәселелер қаралды.

Күн тәртібіндегі алғашқы мәселе – 2025-2026 оқу жылының көктемгі емтихан сессиясы мен қорытынды аттестаттау нәтижелері болды. Академиялық қызмет жөніндегі проректор Бану Мұқатайқызы білім сапасын арттыру бағытындағы жұмыстарды қорытындылап, педагогикалық білім берудің практикалық бағытын күшейту, білім беру бағдарламаларын жаңғырту және болашақ педагогтардың кәсіби даярлығын жетілдіру міндеттеріне тоқталды. Сонымен қатар Lesson Study, Action Research және mini-research әдістерін кеңінен енгізу, оқытушы-профессорлар құрамының цифрлық педагогика мен жасанды интеллект саласындағы құзыреттерін арттыру қажеттігі атап өтілді.

Кеңесте ерекше назар аударылған мәселелердің бірі – жасанды интеллектіге негізделген білім беру технологияларын академиялық саясатқа енгізу болды. Цифрландыру жөніндегі проректор Нұркен Біржанұлы AI Sana жобасы мен Coursera халықаралық білім беру платформасының мүмкіндіктеріне тоқталып, жасанды интеллект құралдарын оқу үдерісі мен ғылыми зерттеулерде тиімді пайдалану бағытындағы жұмыстарды таныстырды. Мәжіліс барысында AI технологияларын университеттің академиялық қызметіне жүйелі енгізу, оқытушылар мен студенттердің цифрлық құзыреттерін жетілдіру және заманауи цифрлық инфрақұрылымды дамытуға қатысты бірқатар шешім қабылданды.

Мәжілістің келесі тақырыбы 2025 жылғы халықаралық қызметінің қорытындылары мен 2026 жылға арналған интернационалдандырудв дамытуға арналды. Халықаралық ынтымақтастық департаментінің директоры Баян Сапаргалиева университеттің халықаралық әріптестік бағытында қол жеткізген нәтижелерін баяндап, алдағы кезеңдегі басым міндеттерді таныстырды. Әлемнің жетекші жоғары оқу орындарымен стратегиялық серіктестікті кеңейту, қос дипломды білім беру бағдарламаларының санын арттыру, халықаралық ғылыми жобаларды арттыру, сондай-ақ Erasmus+, Horizon Europe, DAAD және Türkiye Bursları секілді беделді халықаралық бағдарламаларға қатысуды жандандыру туралы айтты.

Ғылыми кеңесте Жаратылыстану-география факультетінің Тұрақты даму мақсаттары (SDG) аясындағы қызметі де қаралды. Факультет деканының міндетін атқарушы Думан Тоқтарұлының Тұрақты даму орталығын, «Abai Green Chemistry Laboratory», «GIS, Remote Sensing & AI» және «Экологиялық мониторинг» зертханаларын құру бастамалары қолдау тапты.

Мәжіліс соңында университеттің дамуына елеулі үлес қосқан ғалымдарға берілетін «Құрметті кафедра меңгерушісі» атағын тағайындау талаптары бекітілді. Сонымен қатар университет ғалымдарының монографияларын баспаға ұсыну мәселесі қаралып, тиісті шешім қабылданды.

Ғылыми кеңес аясында ғылыми кадрларды даярлау саласындағы жетістіктер де ерекше аталып өтті. Университеттің постдокторлық бағдарламасын табысты аяқтаған Академик С. Қирабаев атындағы Қазақ әдебиеті және оқыту әдістемесі кафедрасының аға оқытушысы, PhD, «Болашақ» халықаралық стипендиясының иегері Жаңакүл Саметоваға постдокторлық бағдарламаны сәтті аяқтағаны туралы сертификат салтанатты жағдайда табысталды. Сондай-ақ ғылыми жұмыстарын сәтті қорғаған жас зерттеушілерге PhD дипломдары тапсырылды. Атап айтқанда, Нұрман Жұмабай – 8D01501 «Математика», Жанар Карашева – 6D010200 «Бастауышта оқыту педагогикасы мен әдістемесі», Аякөз Жоланқызы Тұрысбаева, Салтанат Сүлейменқызы Анапияева және Динара Мұхамедиянқызы Найманова – 8D01301 «Бастауышта оқыту педагогикасы мен әдістемесі», Динара Ғабитқызы Орынбаева мен Құралай Сағынбекқызы Телғожаева – 6D021300 «Лингвистика» білім беру бағдарламалары бойынша PhD дәрежесіне ие болды.

«Abai University» медиа орталығы