«ЖАС КӘСІПКЕР» СТАРТАП-ЖОБАЛАРЫНЫҢ ЖЕҢІМПАЗДАРЫ АНЫҚТАЛДЫ

Абай университетінде студенттердің кәсіпкерлік бастамалары мен ғылыми ізденістерін ұштастырған «Жас кәсіпкер» стартап-жобаларының байқауы өтті. Онда жас зерттеушілер мен болашақ кәсіпкерлер өздерінің бизнес-идеяларын көпшілік назарына ұсынып, әлеуметтік маңызы мен коммерциялық тиімділігін қорғады. Нәтижесінде ең үздік және әлеуеті жоғары жобаларға қаржылай гранттар табысталды.


Байқауға қатысушы резиденттер ғылым-білім, косметология, психология, тіл үйрену және экология секілді алуан түрлі бағыттарды қамтитын қызықты жобаларын таныстырды. Жас ізденімпаздар өз жұмыстарында білім беру мен ғылымдағы, күнделікті өмірдегі күрделі мәселелерді оңтайландыру жолдарын көрсетті. Әрбір топ нарықты зерттеу тәсілдерін, жобаның апробациядан өту барысын баяндап, дайын прототиптері мен нақты есептеулерге негізделген бизнес модельдерін ұсынды.


Үміткерлердің еңбегін сала мамандары мен білікті сарапшылардан құралған әділқазылар алқасы бағалады. Қазылар құрамында Зерттеу қызметі және инновация жөніндегі проректоры Ертай Сұлтан, Шарттар мониторингі және активтерді басқару департаментінің директоры Нарбек Баймолдаев, «AbaiLabs» ғылыми-инновациялық паркі жетекшісінің міндетін атқарушы Дамир Фазылжан, «Eco Network» жобасының негізін қалаушы Евгений Мұхамеджанов және «JOO analytics» компаниясының өнімдер жөніндегі директоры Ғалымжан Мусағалиев болды. Сарапшылар таныстырылған өнімдерге шынайы баға бере отырып, нарыққа шығару және болашақта дамыту бағыттары бойынша құнды кеңестерін айтты.


Жастардың ғылыми әлеуеті мен кәсіпкерлік дағдылары сынға түскен тартысты доданың қорытындысы бойынша ең үздік деп танылған стартаптар анықталды. Байқау нәтижесінде «Таңдау» психологиялық ойын жобасы І орынды иеленсе, ІІ орын мұғалімдердің жұмысын жеңілдетуге бағытталған «Natije AI» педагогтарға ассистенттік жасау жобасына бұйырды. Ал ІІІ орынды тіл үйренуге арналған «LexiQuiz» AI платформасы алды. Кәсіпкерлік әлеуеті жоғары деп бағаланған осы жеңімпаз жобалар стартаптарын сәтті бастау және іске асыру үшін арнайы қаржылай гранттарға ие болды.


Университет қабырғасында қаржылай қолдау тапқан бұл бастамалар алдағы уақытта отандық инновациялық экожүйенің дамуына өзіндік үлесін қосады деген үміт бар.

 

«Abai University» медиа орталығы