ӨНЕР ТАМҒАН ОН САУСАҚ – ҮЗІЛМЕЙТІН ЫРЫСЫҢ

Қазақ руханиятының қара шаңырағы – Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде кезекті диплом табыстау рәсімі өтті. Ғасырға жуық тарихы бар алтын ұяның шығармашылық ошағы – Өнер факультетін биыл 213 бакалавр мен 25 ғылым магистрі тамамдап, үлкен өмірге жолдама алды. Білім ордасында өткен жылдар ішінде өзіндік қолтаңбасын қалыптастырып үлгерген дарынды жастардың арасынан 47 шәкірт қызыл диплом иегері атанды.


Салтанатты жиын барысында жас мамандарға дипломдарын университеттің Әлеуметтік даму жөніндегі проректоры Мақсат Жақау, Өнер құрылымының деканы Кәрім Байғұтов және факультет профессоры салтанатты түрде табыстады. Сонымен қатар айтулы шараға арнайы қатысқан запастағы полковник Қуандық Мамбеталиев оқу орны жанындағы әскери кафедраны сәтті аяқтаған бірқатар бітірушілерге лейтенант шенін табыс етті. Ол Отанды қорғау мен ел алдындағы азаматтық жауапкершіліктің маңызына тоқталып, жас офицерлерге сәттілік тіледі.


Айта кеткен жөн, Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі, «Дарын» мемлекеттік сыйлығының лауреаты Тоққожа Қожағұлов мәдениет пен өнер саласында өзіндік ізденісімен, үздік туындыларымен көзге түскен үш студентке «Жасампаз» төсбелгісін тағып, арнайы ақшалай сыйақы үлестірді.


Жиын қорытындысында факультет деканы Кәрім Байғұтов түлектерге өз лебізі мен ұстаздық аманатын жеткізді.


– Нағыз шығармашылық адамның басты қаруы – оның білімі мен таза ниеті. Біз сіздерге бағыт бердік, ал сол жолмен алға басу – өз қолдарыңызда. Өнердің киесін ұғынып, ұлттық құндылықтарды ту еткен жан ешқашан адаспайды. Еңбектеріңіз жанып, халықтың ықыласы мен қошеметіне бөлене беріңіздер. Қадамдарыңыз құтты болсын! – деді факультет деканы.


Тебіреніске толы іс-шарада ұлағатты ұстаздар ризашылығы, перзентінің жетістігіне шаттанған ата-аналардың қуанышы мен қимастық сезіміне бөленген жастардың толқынысы бір арнаға тоғысты. Талай марқасқа тұлғаның тұсауын кесіп өнер жолына баулыған қасиетті білім ордасы биыл да талапты толқынды қанаттандырып ұшырды. Төрт жылдық ізденістің жемісі енді жас мамандардың әрқайсысына жаңа белестердің есігін айқара ашады. Ел мәдениетін өркендетіп, ұлттық құндылықтарды абыройын асқақтататын өрендердің болашағы жарқын, еңбегі жемісті, мерейі үстем болғай.

 

«Abai University» медиа орталығы