02.07.2026
АБАЙ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ ТҮЛЕКТЕРІ 30 ЖЫЛДАН КЕЙІН ҚАЙТА ҚАУЫШТЫ
Абай университетінің
Математика, физика және информатика факультетін 1996 жылы тәмамдаған
түлектердің алтын ұядағы кездесуі өтті. 30 жыл бұрын білім
нәрімен сусындап, үлкен өмірге қанат қаққан түлектер қара шаңыраққа қайта
оралып, жастық шақтың жарқын күндері мен студенттік өмірдің естеліктерін еске
алды. Мерейлі басқосуда түлектер білім ордасына деген құрметін білдіріп,
университеттің Түлектер қауымдастығына қосылып, «Abai Endowment Fund» қорына қолдау
көрсетті.
Университетін
осыдан отыз жыл бұрын тәмамдаған түлектер бүгінде еліміздің ғылымы мен
білімінің, мемлекеттік басқару мен кәсіпкерліктің түрлі салаларында табысты
еңбек етіп келеді. Олардың қатарында педагогика ғылымдарының кандидаттары,
профессорлар, ғылым саласының көрнекті өкілдері, жоғары оқу орындарының
оқытушылары, еліміздің әр өңірінде жас ұрпаққа сапалы білім мен тағылымды
тәрбие беріп жүрген ұлағатты ұстаздар, мектеп директорлары, мемлекеттік қызметкерлер,
оның ішінде Шанақ ауылдық округінің әкімі, сондай-ақ табысты кәсіпкерлер бар.
Мерекелік жиынға
түлектердің ұстазы болған, физика-математика ғылымдарының докторы, профессор Мақтағали
Бектемісов, «Физика» кафедрасының аға оқытушысы, түлектердің академиялық
кураторы болған Серік Тезекеев, түлектердің ұстазы болған, Кәсіби бағдар беру
және мансапты дамыту департаментінің Бас маманы Нұрмахан Талпаков, Түлектер
қауымдастығының жетекшісі Болатбек Нұрбатыров қатысты.
Кездесу барысында
ұстаздар түлектерге жүрекжарды лебіздерін білдіріп, студенттік кезеңдегі жарқын
естеліктерімен бөлісті. Олар шәкірттерінің әртүрлі салада абыройлы қызмет
атқарып, ел дамуына үлес қосып жүргенін ерекше мақтанышпен атап өтті.
Өз сөзінде
Түлектер қауымдастығының жетекшісі Болатбек Нұрбатыров қауымдастықтың
университет пен түлектер арасындағы өзара байланысты нығайтудағы рөліне
тоқталды. Сондай-ақ жаңадан қосылған мүшелерге қауымдастықтың мүшелік
сертификаттарын табыстап, қауымдастықтың негізгі бағыттары мен алдағы жобаларын
таныстырды.
Түлектер атынан
сөз сөйлеген «Информатика және білім беруді ақпараттандыру» кафедрасының аға
оқытушысы, PhD Қамбар Беделов ұстаздарына құрмет көрсетіп, иықтарына шапан
жапты.
– Бүгін бізді
қайта қауыштырған – Абай университетіне деген ортақ құрмет пен сағыныш. Осы
білім ордасында алған сапалы біліміміз бен ұстаздарымыздың тәлім-тәрбиесі
өмірлік жолымыздың берік іргетасына айналды. Ұстазға деген алғыс – ешқашан
таусылмайтын қастерлі сезім. Сондықтан бүгінгі құрмет – барша түлектердің
жүрекжарды ықыласының белгісі. Қара шаңырағымыздың мерейі артып, биік
белестерді бағындыра беруіне тілектеспіз, – деді Қамбар
Беделов.
Кездесуде
сондай-ақ физика-математика ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор,
Абай университетінің Инновацияларды дамыту және ғылыми кадрларды даярлау
департаментінің директоры Гүлзада Байымбетова сөз сөйлеп, студенттік жылдардағы
әсерлі естеліктерімен бөлісті.
– Университет –
біз үшін тек білім алған орта емес, тұлға болып қалыптасқан қасиетті мекен. Осы
шаңырақта алған біліміміз, ұстаздарымыздың өнегесі өмір жолымызда әрдайым
бағыт-бағдар болды. Маған тағдырдың жазуымен өзім білім алған оқу орнында
қызмет ету бақыты бұйырды. Бұл мен үшін үлкен мәртебе әрі жауапкершілік. Бүгінгі
кездесу өткенді еске алып қана қоймай, университет пен түлектер арасындағы
байланысты жаңа деңгейде жалғастыруға мүмкіндік береді. Осындай игі бастамалар
дәстүрге айналып, қара шаңырақпен байланысымыз нығая берсін, – деді Гүлзада Айтжанқызы.
Кездесу соңында түлектер
естелік суретке түсіп, университеттің бүгінгі жетістіктерімен танысты. Мерейтойлық
басқосу Абай университеті мен оның түлектері арасындағы берік байланыстың,
өзара құрмет пен әріптестіктің айқын көрінісіне айналды.
«Abai University»
медиа орталығы