01.07.2026
ЖАРАТЫЛЫСТАНУ ЖӘНЕ ГЕОГРАФИЯ ФАКУЛЬТЕТІ ӨЗ ТҮЛЕКТЕРІН ҰШЫРДЫ
Биыл Абай университетінің Жаратылыстану және география факультетін 699 жас маман бітіріп шықты. Соның ішінде 553 бакалавр мен 146 ғылым магистрі диплом құжаттарын қолына алды. Білім ордасында түлектерді үлкен өмірге ұшыруға арналған салтанатты диплом табыстау рәсімі жоғары деңгейде өтті.
700-ге жуық жастың қияға қанат қаққан бұл айтулы сәті зор қуаныш пен асқақ сезімге толы болды. Университет басшылығы, профессор-оқытушылар құрамы, ата-аналар мен бітіруші түлектердің басын қосқан ауқымды шара бірнеше кезеңнен тұратын мерекелік марафонға ұласты. Қалыптасқан игі дәстүр бойынша, салтанатты рәсім Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің құттықтау сөзімен ашылды.
– Соңғы жылдары Қазақстанда ғылымға деген қолдау айтарлықтай күшейді. Біздің жаңа Конституциямыз енді білім, ғылым, адами капитал және инновация сұрақтарын Қазақстан Республикасының негізгі басымды бағыты деп белгіледі. Бірақ, әрине, маңыздысы - сіздердің бүл мүмкіндіктерді қалай пайдалана алатындарыңыз, – дей келе министр жас түлектерге ақ тілегін арнады.
Өз кезегінде Университеттің Басқарма Төрағасы-Ректоры Болат Тілеп те түлектерге арнаған лебізін білдірді:
– Ұлы Абай: «Ақырын жүріп, анық бас, еңбегің кетпес далаға» деген. Бүгінгі жетістіктеріңіз – осы уақытқа дейін төккен маңдай тер мен табанды еңбектеріңіздің жемісі. Қайда жүрсеңіздер де, білімнің шырағын сөндірмеңіздер! – деді ол.
Диплом табыстау рәсіміне жиналған қауымның қарасы қалың болғандықтан, салтанатты жиын бірнеше лекпен ұйымдастырылды. Сахна төріндегі толқынысты сәттерде университет проректорлары түлектерге ақ жол тілеп, жылы лебіздерін білдірді. Олар өз сөздерінде еліміздің тұңғыш жоғары оқу орнында білім алып, оның дипломына ие болу үлкен мақтаныш екенін, бұл құжат тек кәсіби біліктіліктің белгісі емес, елдің ғылыми әлеуетін арттыру жолындағы қоғамның үлкен сенімі екенін қадап айтты.
Салтанатты жиында алдымен факультет мақтанышы болған үздік бітірушілер құрмет көрсетілді. Одан кейін сахна төріндегі салтанат үзілмей, білім ордасының білікті профессор-оқытушылары әр түлектің қолын алып, жылы лебізбен дипломдарын табыстады.
Бұл айтулы күн факультеттің терең тарихын тағы бір мәрте жаңғыртты. Іргетасы 1928 жылы Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетімен бірге қаланған бұл бөлім 1936 жылы дербес факультет болып қайта құрылған. Ал 1955/1956 оқу жылында Жаратылыстану-география факультеті болып бірігіп, 2014 жылы заманауи құрылымы айқындалды.
Бүгінде факультетте «Химия», «Биология» және «География және экология» кафедрасы нәтижелі жұмыс істеп келеді. Мамандарды даярлау барлық оқу формалары бойынша жүргізіледі, ал факультеттің білім беру бағдарламалары ұлттық рейтингтерде дәстүрлі түрде жоғары орындарды иеленіп келеді.
Жас мамандар үшін бұл күн жетекші ғылыми-зерттеу институттарына, экологиялық ведомстволарға, өндірістік компаниялар мен білім беру саласына жол ашатын маңызды белес. Бакалавриат бітірушілерінің біразы ғылым жолын таңдап, елдің зияткерлік әлеуетін арттыру мақсатында магистратурада білімін жалғастыруды жоспарлап отыр.
«Abai University» медиа орталығы