МАТЕМАТИКА, ФИЗИКА ЖӘНЕ ИНФОРМАТИКА ФАКУЛЬТЕТІ ЖАҢА БУЫН ЖАС МАМАНДАРДЫ ТҮЛЕТТІ

Ғасырға жуық тарихы бар, университеттің алғашқы құрылған құрылымдарының бірі – Математика, физика және информатика факультеті бүгін шәкірттерін үлкен өмірге қанаттандырды. Биыл бұл шаңырақтан 574 бакалавриат пен 186 магистрант бітірді. Сондай-ақ оқу бағдарламасын үздік аяқтаған 115 жас маманға қызыл диплом табысталды.


Диплом табыстау салтанаты ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің арнайы бейнеқұттықтауымен ашылды. Министр өз лебізінде сауатты ұрпақ – мемлекеттің басты капиталы екенін атап өтіп, қызмет жолында жастардың кәсіби біліктілік пен азаматтық жауапкершілікті қатар ұстанатынына сенім білдірді. Сондай-ақ жиында университеттің Басқарма Төрағасы-Ректор Болат Тілеп бітірушілерді құттықтады. Ол оқу ордасында қалыптасқан құндылықтар жас мамандардың өмірлік бағдаршамына айналатынын айтып, адал еңбек етіп, кәсіби биіктерді бағындыруға тілектестік білдірді.


Салтанатты жиында сөз алған Әлеуметтік даму жөніндегі проректор Мақсат Жақау факультеттің университет өміріндегі айрықша орнына тоқталды.


– Бұл факультет – отандық ғылымның іргесін бекітіп, еліміздің оқыту жүйесіне мыңдаған білікті ұстаз бен зерттеуші даярлаған қасиетті ғылым ордасы. Осы қабырғадан түлеп ұшқан жастар бүгінде республиканың түкпір-түкпірінде мектеп білімін дамытуға, жас ұрпақтың тәрбиесіне сүбелі үлес қосып келеді. Ұстаздарыңыздың берген тәлімін, ата-аналарыңыздың ақ батасын әрдайым жандарыңызға серік етіп, ұлт мүддесі үшін адал қызмет етіңіздер. Еңбектеріңіз жемісті болсын! – деді проректор.


Магистрлік бағдарлама түлектеріне дипломдарды проректор Мақсат Жақау мен Нұржамал Ошанова табыстаса, бакалавриат шәкірттері факультет деканы Шерипидин Хамраев пен деканның оқу ісі жөніндегі орынбасары Жасұлан Оразбековтың қолынан алды. Сонымен қатар, университеттің қоғамдық жұмысына белсене араласқан түлектер арнайы алғыс хаттармен марапатталды. Дәстүрге сай, барша бітірушіге ұлы ойшыл Абай Құнанбайұлының «Қара сөздері» кітабы тарту етілді.


Мерекелік кештің шырайын факультеттің белсенді жастары әзірлеген естелік бейнеролик аша түсті. Онда аудиториядағы қызықты сәттер, ғылыми ізденістер, достыққа толы күндер мен студенттік шақтың ұмытылмас белестері көрсетіліп, көрерменге ерекше әсер сыйлады. «Физика» мамандығының түлегі Ұлбике Зұлманбет университет қабырғасындағы жылдардың өміріндегі ең мәнді кезеңдердің бірі болғанын жеткізді.


 – Бұл жылдар бізге тек білім беріп қана қойған жоқ, мұнда өмірлік ұстанымды, достықтың қадірін түсініп, жауапкершілікті үйрендік. Бүгінгі әрбір жетістігіміздің артында түн ұйқысын төрт бөлген ата-анамыздың сенімі мен бізге қанат бітірген аяулы ұстаздарымыздың шексіз еңбегі тұр. Біз осы үмітті ақтап, қара шаңырағымыздың абыройын әрдайым биікте ұстауға уәде береміз! – деді университет түлегі.


Салтанатты жиын түлектердің үлкен өмірге қадам басуымен түйінделді. Бұл күн олардың білім жолындағы еңбегінің қорытындысы әрі жаңа кезеңнің басталуы ретінде есінде қалмақ. Ақ арманмен қанат қаққан жас буынның әрқайсысы алған тәлімін ел игілігіне жұмсап, мемлекетіміздің өркендеуіне лайықты үлес қосары анық. Ақ жол, жас мамандар!


«Abai University» медиа орталығы