30.01.2026
АБАЙ УНИВЕРСИТЕТІНДЕ СТУДЕНТТІК ХАКАТОН ӨТТІ
Абай университетінің қабырғасында Бүкіләлемдік білім күніне орай «EduFest Hackathon: Білімнің болашағы жастар көзімен» атты студенттік хакатон өтті. Онда білімпаз жастар жаһандық өзекті мәселелердің креативті шешімдерін ұсынып, сайысқа түсті. Әртүрлі факультет студенттерінен құралған командалар инновациялық идеяларын ортаға салып, білім беру саласын дамытуға бағытталған заманауи әдіс-тәсілдер ұсынды. Студенттік хакатон – жаңашыл жастардың жарқын идеялары қозғалған бастамаға айналды.
📌Жалпы, хакатон дегеніміз – жастар идеясын іске асыратын, жаңа шешімдер ұсынатын инновациялық сайыс. Бұл жастардың шығармашылық қабілетін арттырып, жаңа технологиялық және әлеуметтік шешімдер ұсынуға мүмкіндік береді. Абай университетінде педагогика, құқық, өнер, менеджмент, халықаралық қатынастар салалары бойынша студенттер білім алады. Студенттік хакатонға осы әртүрлі мамандық бойынша білім алушылар біртұтас команда ретінде қатысып, бақ сынады.
🚀«EduTransformers», «Күлтегін», «Oilab», «Тауарих» және «Күлтөбе» командалары Біріккен ұлттар ұйымының тұрақты даму мақсаттарына негізделген түйткілді мәселелер көтерді. Әлеуметтік, экономикалық және экологиялық салалар бойынша жобалар ұсынды. Студенттік хакатон таныстыру, Khahot, инновациялық шешім және креативті постер сынды төрт кезеңнен тұрды. Қатысушылар цифрлық технологиялар, инновациялық платформалар мен заманауи оқыту әдістері арқылы білім беру саласын қалай дамытатынын сарапқа салды. Жасанды интеллект педагогиканы жаңа дәуірге жетелеп, ғылыми-технологиялық жаңалықтар адамзат өмірін түбегейлі өзгертетінін талқылады.
🎊Байқау соңында жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар шыққан үздіктер анықталды. Креативті, цифрлық технология мен жасанды интеллект негіздерін меңгерген командалар марапатталды. Оның ішінде, «Тауарих» құрамасы үшінші орынға ие болса, екінші орынды «Күлтегін» командасы қанжығасына байлады. Ал жүлделі бірінші орынға «Күлтөбе» командасы лайық деп танылды.