Абай атындағы ҚазҰПУ-дың қауымдастырылған профессоры Индонезиядағы Universitas Pendidikan Ganesha университетінде халықаралық дәрістер оқыды

Абай атындағы ҚазҰПУ-дың қауымдастырылған профессоры Индонезиядағы Universitas Pendidikan Ganesha университетінде халықаралық дәрістер оқыды

Universitas Negeri Yogyakarta университетінің бастамасымен жүзеге асырылып жатқан EQUITY (Enhancing Quality Education for International University Impact and Recognition) халықаралық жобасы аясында Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті Педагогика және психология факультетінің қауымдастырылған профессоры Қасымова Гүлжайна Құралбайқызы Индонезияның Бали аралында орналасқан Universitas Pendidikan Ganesha (Undiksha) университетінде International Lecture Mobility Inbound бағдарламасы бойынша академиялық ұтқырлық аясында іссапармен болып қайтты.

Академиялық сапар барысында Қасымова Гүлжайна Құралбайқызы шетелдік студенттер мен профессор-оқытушылар құрамына бірнеше дәріс оқып, білім беру менеджменті, жоғары білім беруді цифрлық трансформациялау, жасанды интеллектіні білім беру үдерісіне енгізу, академиялық жазылым және халықаралық ғылыми ынтымақтастық мәселелері бойынша тәжірибесімен бөлісті.

Бағдарлама шеңберінде Universitas Pendidikan Ganesha университетінің профессорлық-оқытушылық құрамымен ғылыми зерттеулерді дамыту, бірлескен ғылыми жарияланымдар дайындау, академиялық ұтқырлықты кеңейту және халықаралық білім беру жобаларын іске асыру бағыттары талқыланды. Сонымен қатар, ғылыми семинарлар, тәжірибе алмасу кездесулері мен академиялық консультациялар ұйымдастырылды. Академиялық ұтқырлықтың негізгі мақсаты – EQUITY халықаралық жобасының міндеттерін жүзеге асыру, жоғары білім беру сапасын арттыру, университеттердің халықаралық беделі мен танымалдылығын күшейту, сондай-ақ Қазақстан мен Индонезия арасындағы ғылыми-білім беру ынтымақтастығын одан әрі дамыту.

Айта кету керек, Universitas Pendidikan Ganesha университеті қауымдастырылған профессор Қасымова Гүлжайна Құралбайқызын 2026 жылғы 22–27 маусым аралығында академиялық қонақ және дәріскер ретінде ресми шақырып, дәрістер оқу, ғылыми консультациялар өткізу, тәжірибе алмасу және халықаралық әріптестікті дамытуға бағытталған іс-шараларға қатысуына мүмкіндік жасады. Аталған халықаралық академиялық ұтқырлық Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің шетелдік жоғары оқу орындарымен стратегиялық серіктестігін нығайтуға, профессор-оқытушылар құрамының халықаралық тәжірибесін кеңейтуге және білім беру мен ғылым саласындағы бірлескен халықаралық жобаларды дамытуға өз үлесін қосады

Артқа қайту