30.06.2026
ЕЛ ЕРТЕҢІНЕ ҚЫЗМЕТ ЕТЕР ЖАСТАР ДИПЛОМ АЛДЫ
Бүгін «АБАЙ ТҮЛЕГІ – 2026»
салтанатты іс-шарасы Дене шынықтыру және алғашқы әскери дайындық факультетінде
жалғасын тапты. Биыл факультетті 288 бакалавр мен 9 магистрант тәмамдап, кәсіби
өмірге қадам басты. Бакалавриат түлектерінің 22-сі үздік дипломға ие болды.
Оның ішінде 30 түлек – «Алғашқы әскери дайындық», 258 түлек «Дене шынықтыру
және спорт» білім беру бағдарламалары бойынша оқуын сәтті аяқтады.
Мерекелік жиынның шымылдығы
Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің арнайы
бейне құттықтауымен ашылды. Министр өз сөзінде жоғары білім туралы диплом – оқу
кезеңінің аяқталғанын растайтын құжат қана емес, үздіксіз ізденіс пен кәсіби
жауапкершіліктің, өмір бойғы білім мен біліктілікті жетілдіруге бастайтын жаңа
кезеңнің бастауы екенін атап өтті. Сонымен қатар жас мамандарды алған білімдері
мен кәсіби әлеуетін ел игілігіне, отандық ғылым мен білім беру жүйесінің
өркендеуіне жұмсауға шақырды.
Абай университетінің қара
шаңырағында қанат қаққан жас түлектерге университеттің Басқарма Төрағасы-Ректор
Болат Тілеп ақжарма тілегін арнап, үлкен өмірге сәтті жол тіледі. Ол
университет қабырғасында алған сапалы білім мен тағылымды тәрбиенің қай ортада
да жас мамандарға бағыт-бағдар болатын өмірлік темірқазық екенін ерекше атап
өтті.
– Абай университеті сіздерге тек
таңдаған мамандықтарыңыздың қыр-сырын меңгертіп қана қойған жоқ. Ол
бойларыңызға азаматтық ұстаным, адамгершілік қасиет, адалдық пен жауапкершілік
секілді асыл құндылықтарды сіңірді. Ұстаздықты, бапкерлікті және әскери қызметті
таңдаған әрбір жас маман елдің ертеңі мен өскелең ұрпақтың тағдырына тікелей
ықпал ететінін әрдайым есте ұстауы қажет. Қай өңірде, қай салада еңбек
етсеңіздер де, өздеріңіз білім алған қара шаңырақтың мерейін үстем етіп, ел
игілігі жолында аянбай еңбек етеді деп сенемін, – деді Болат Тілеп.
Салтанатты рәсім барысында
түлектерге дипломдарын университеттің Цифрландыру жөніндегі проректоры Нұркен
Мұсабаев, факультет деканы Ернар Оспанқұлов және Сидней Олимпиадасының
чемпионы, Қазақстанның даңқты боксшысы Ермахан Ыбырайым табыстады.
Факультет қабырғасында әскери
даярлық бағдарламасын толық меңгерген түлектерге запастағы полковник Қуандық
Мамбеталиев лейтенант әскери шенін салтанатты түрде табыстап, олардың Отан
алдындағы борышын абыроймен атқарып, әскери антқа әрдайым адал болуына тілектестік
білдірді.
Абай университетінде қалыптасқан
тағылымды дәстүрге сәйкес, әрбір жас маманға дипломмен бірге қазақтың ұлы
ойшылы Абай Құнанбайұлының қара сөздер жинағы сыйға тартылды.
«АБАЙ ТҮЛЕГІ – 2026» – студенттік
жылдардағы табанды еңбек пен тынымсыз ізденістің, спорттағы жетістіктер мен
әскери даярлықтағы жауапкершіліктің заңды қорытындысы. Бүгін диплом алған
түлектер студенттік өмірмен қоштасып қана қойған жоқ, елдің зияткерлік әлеуетін
арттыруға, жас ұрпақтың бойына салауатты өмір салты мен отансүйгіштік рухты
қалыптастыруға жауапты маман ретінде жаңа міндеттерді арқалады. Әрбір
түлектердің жетістігі – өздерінің ғана емес, білім берген ұстаздары мен қара
шаңырақ Абай университетінің де беделін биіктеді.
«Abai University»
медиа орталығы