УНИВЕРСИТЕТ ҒАЛЫМДАРЫ КӨШ БАСТАП КЕЛЕДІ

Университеттің ғылыми әлеуеті – ғалымдардың зерттеулері мен ғылыми ізденістерінің нәтижелігімен өлшенеді. Қазіргі таңда Абай университетінде 100 ғылыми жоба жүзеге асырылып, зерттеушілер еліміздің үздік ғалымдар қатарынан көрінуде. Оның ішінде жас алымдар гранттық қаржыландыру мүмкіндіктеріне ие болып, білім-ғылым саласында толайым табыстарға қол жеткізді.

Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Ұлттық ғылым академиясы Web of Science халықаралық деректер базасының 2021–2025 жылдардағы мәліметтері негізінде еліміздің үздік 100 зерттеушісінің рейтингін жариялады. Аталған рейтингте Абай университетінің Математика, физика және информатика факультетінің бірнеше ғалымы лайықты орын алды.

«Жаратылыстану» бағыты бойынша физика-математика ғылымдарының докторы, профессор Абдумаулен Сүлейменұлы 19-орыннан көрінсе, PhD, профессор Жарасбек Байшемиров 61-орынды, PhD, аға оқытушы Лаура Темірбекова 72-орынды иеленді. Ал «Физика ғылымдары» бағыты бойынша PhD, қауымдастырылған профессор Венера Жумабекова еліміздің үздік зерттеушілері қатарынан көрініп, 81-орынды иеленді.

Сонымен қатар ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің 2026-2028 жылдарға арналған жас ғалымдарды гранттық қаржыландыру (КМУ) конкурсының қорытындысы жарияланды. Аталмыш байқау жас ғалымдарды ғылыми ізденіске ден қойған жас зерттеушілерге өз жобаларын жүзеге асырып, ғылыми қызметін жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік береді. Конкурс нәтижесінде PhD, Орыс тілі мен әдебиеті кафедрасының аға оқытушысы Мадина Бауыржанқызы жеңімпаз атанып, ғылыми жобасын гранттық қаржыландыру арқылы жүзеге асыру мүмкіндігіне ие болды.

Сондай-ақ «Жас ғалым» гранттық қаржыландыру конкурсының жеңімпаздары қатарынан Математика және математикалық модельдеу кафедрасының аға оқытушылары, PhD докторлары Әділ Наурызбай мен Күлжамілә Боранбек, «AbaiLabs» ғылыми-инновациялық парк жанындағы «Латын» ғылыми-практикалық зертханасының жетекші ғылыми қызметкері, PhD Таңат Нұрғазиев жеңімпаз атанды.

Жас ғалымдардың бұл жетістігі – университеттің ғылыми әлеуетін көтеретін айқын көрсеткіш. Мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған қолдау ғылымдағы жаңа буынның қалыптасуына жол ашып, отандық ғылымның өркендеуіне серпін берері сөзсіз. Ізденімпаз зерттеушілердің еңбегі іргелі ғылыми жаңалықтардың негізіне айналары анық.

«Abai University» медиа орталығы