29.06.2026
ҚЫТАЙДЫҢ СИАНЬ УНИВЕРСИТЕТІНДЕ АБАЙ ОРТАЛЫҒЫ АШЫЛАДЫ
24-27 маусым күндері
Абай университетінің делегациясы Қытай Халық Республикасының Сиань қаласына
жұмыс сапарымен барды. Стратегиялық іс-сапар нәтижесінде 2026 жылдың қазан
айында Сиань шет тілдер университетінде «Абай атындағы Қазақ мәдениетін зерттеу
орталығы» ашылмақ. Ресми делегация шетелдік оқу орны басшылығымен кездесіп,
аталған орталықты ашу жөнінде нақты жұмыс жоспарын талқылады.
Өнер факультетінің деканы Карим
Алимханұлы, профессор Жанерке Наурызбайқызы және профессор Лю Вэньбинь көрші
елдің жетекші жоғары оқу орындарымен білім, ғылым, мәдениет және өнер
салаларындағы ынтымақтастықты нығайту мәселелерін талқылады. Сондай-ақ
магистратура деңгейіндегі қос дипломды білім беру бағдарламасын дамыту және
Абай мұрасын Қытай академиялық кеңістігінде кеңінен насихаттау жұмыстарын
жүргізді.
Сапар барысында делегация Сиань
шет тілдер университеті, Шэньси педагогикалық университеті, Солтүстік-Батыс
университеті және Сиань көркемөнер академиясының өкілдерімен ресми кездесулер
өткізді. Кездесулерде академиялық ұтқырлық, бірлескен ғылыми жобалар,
профессор-оқытушылар құрамының тәжірибе алмасуы, өнер және көркем білім беру
бағытындағы ынтымақтастық мәселелері талқыланды.
Сиань шет тілдер университетімен
өткен кездесулерде магистратура деңгейінде қос дипломды білім беру
бағдарламасын іске асыру мәселесі ерекше қарастырылды. Бұл бастама
магистранттарға халықаралық білім беру кеңістігінде кәсіби тәжірибе жинақтауға,
академиялық ұтқырлықты дамытуға және екі университеттің профессор-оқытушылар
құрамы арасындағы ғылыми-әдістемелік байланысты күшейтуге мүмкіндік береді.
Сонымен қатар 2026 жылдың қазан
айында Сиань шет тілдер университеті базасында «Абай атындағы Қазақ мәдениетін
зерттеу орталығын» ашу мәселесі талқыланды. Аталған орталық қазақ мәдениетін,
Абай мұрасын, ұлттық өнерді және заманауи көркем білім беру тәжірибесін
Қытайдың жоғары білім беру кеңістігінде насихаттауға бағытталмақ.
Университет делегациясы Шэньси
педагогикалық университетінің Өнер институтында және Солтүстік-Батыс
университетіндегі жүздесуде кадр даярлау, академиялық зерттеу, мәдени мұраны
зерделеу, бірлескен көрмелер мен шеберлік сабақтарын ұйымдастыру бойынша өзара
пікір алмасты. Ал, Сиань көркемөнер академиясының өкілдерімен кездесуде
бейнелеу өнері, дизайн, көркем білім беру және шығармашылық индустриялар
бағытындағы ынтымақтастықты дамыту, бірлескен шығармашылық жобалар мен
академиялық алмасу мүмкіндіктері қарастырылды.
Сондай-ақ делегация Сиань шет
тілдер университетінің ректоры, профессор У Яоумен кездесіп, ұзақ мерзімді
стратегиялық әріптестік, қос дипломды бағдарлама, академиялық ұтқырлық мәселелері
туралы сөз қозғады. Аталған университетте Абай атындағы Қазақ мәдениетін
зерттеу орталығын ашу бойынша нақты жұмыс жоспары талқыланды.
Бұл іс-сапар – халықаралық
байланыстарды кеңейтуге, шетелдік жоғары оқу орындарымен әріптестікті жаңа
деңгейге көтеруге және қазақ мәдениеті мен Абай мұрасын жаһандық деңгейде
танытуға серпін берері сөзсіз.
«Abai University» медиа орталығы