29.06.2026
ӘЛЕМ ТІЛДЕРІ ФАКУЛЬТЕТІНІҢ АЛҒАШҚЫ ЛЕК ТҮЛЕКТЕРІ ДИПЛОМ АЛДЫ
Бүгін Абай университеті Әлем тілдері факультетінің алғашқы легі оқуын аяқтап, диплом табыстау салтанаты өтті. Жаңа өмір кезеңіне қадам басқан биылғы 427 түлектің ішінде 382 бакалавр және 45 магистр дәрежесін иеленген жас маман бар, сондай-ақ білім алушылардың 158-і оқу орнын үздік қызыл дипломмен тәмамдап отыр. Биыл алғаш рет ұйымдастырылған бұл салтанатты шара университет тарихындағы елеулі оқиғалардың біріне айналды.
Мерекелік жиын Қазақстан
Республикасы Жоғары білім және ғылым министрі Саясат Нұрбектің бейнеқұттықтауымен
басталды. Ол өз сөзінде жас мамандарды білім жолындағы маңызды белесімен
құттықтап, болашаққа бағыт-бағдар берерлік ойларымен бөлісті.
– Қолдарыңыздағы диплом мәреге
жеткендеріңіздің белгісі ғана емес, бұл – жаңа белестің бастауы. Алдағы өмір
сіздерге үздіксіз ізденуді, жаңа білім үйренуді, қажет болса қайта үйренуді
талап етеді. Өмірді спринт ретінде емес, ұзақмерзімді марафон ретінде қабылдау
керек. Білім – мүмкіндік. Білім – күш. Сонымен бірге үлкен жауапкершілік. Елге
қызмет ете беріңіздер, – деді министр.
Ал Абай университетінің басқарма
төреағасы-ректоры Болат Тілеп те түлектер мен олардың ата-аналарына құттықтауын
жолдады.
– Осы қасиетті қара шаңырақта
сіздер білім нәрімен сусындап қана қоймай, толық азамат ретінде
қалыптастыңыздар, тұлға болып толыстыңыздар. Абай университеті сіздерге
мамандық қана емес, өмірлік ұстаным, рухани құндылық пен жауапкершілік сезімін
сыйлады. Елге қызмет етіп, ата-аналарыңыз бен ұстаздарыңыздың үмітін ақтайтын
азамат болыңыздар, – деп тілек білдірді.
Ізгі лебізді университеттің
стратегия және интернационалдандыру проректоры Айгүл Искакова жалғастырды. Ол
студенттердің оқу жылдарындағы ізденісі мен жетістіктеріне тоқталып, әрбір
түлектің білім ордасының жоғары рейтингіне өзіндік үлес қосқанын атап өтті.
Салтанатты кеш барысында дипломдарды факультеттің оқытушы-профессорлар құрамы
мен құрметті ұстаздары табыс етіп, әрбір жас маманға ізгі тілектерін жеткізіп,
олардың болашақтағы кәсіби жетістіктеріне сәттілік тіледі.
Әлем тілдері факультеті
университет құрамында жаңадан құрылған жас құрылым болғанымен, оның негізін
қалаған өзіндік терең тарихы бар. Іргетасы сонау 1928 жылы қаланған «Шетел
тілдері» кафедрасы осы жылдар ішінде мыңдаған білікті кадрларды тәрбиелеп,
бүгінгі дербес факультет деңгейіне дейін өсті. Биылғы алғашқы лекте «Шет тілі
мұғалімдерін даярлау» және «Аударма ісі» мамандықтары бойынша жас мамандар дипломдарын
алды.
«Abai
University» медиа орталығы